Аналар ардақталды
Аналардың абзалдығын айту ұрпаққа аманат. Себебі, адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Бүгінгі таңда жас та болса көп баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр аналарымыз көбейіп келеді. Асыл жандарды Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 20 наурыздағы №651 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапаттады.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында 2466 көпбалалы отбасы, оның ішінде «Алтын алқа» иелері – 1244 болса, «Күміс алқа» иелері – 1222 ана тіркелген. Аяулы жандарға ізгі тілегін білдіріп, демографияны көтеруге үлес қосқан аналарға алғыс білдірген аудан әкімі арнайы сый-сияпатын тапсырды. Алтын мен күміс алқа таққан жас аналардың қуанышында шек болмады. Аудан тұрғыны А.Тұрлыбаева: «Елбасының аналарға көрсеткен құрметі мен аудан әкімінің тілегі бізді қанаттандыра түсті. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрлана түсті. Бейбіт заманда дені сау ұрпақ өрбітіп, жайлы ғұмыр кешуіміз мемлекет басшысы мен сіздердің арқаларыңызда» – деп, алғаусыз ақ ниетін білдірді. Аналардың құрметіне аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.