КҮМІС АЛҚАЛЫ АНАЛАР БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ БАСПАНА АЛАТЫНДАР ҚАТАРЫНА КӨШІРІЛЕДІ
Бұдан былай көпбалалы отбасылар баспанамен бірінші кезекте қамтылады. Бұл санаттағы тұрғындардың жалдамалы тұрғын үй алуы үшін арнайы бұрынғы кезектен тыс жаңа тізім құрылатын болды. Мәжіліс депутаттар осындай заң жобасын ұсынды. Осылайша бюджетте бекітілген 50 млрд теңгенің 27 жарым млрд теңгесі жаңа тұрғын үйлер құрылысына көзделсе, қалған 22 жарым млрд теңгесі аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде тұрып жатқан көпбалалы аналарды баспанамен қамтуға жұмсалады. Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - Бірінші кезекте үй алатын адамдардың қатарына көпбалалы аналар енгізіледі. Яғни бүгінгі қолданыстағы заңнамада бұл құқық тек қана Алтын алқасымен наградталған аналарымыз алатын еді. Енді оған Күміс алқасымен наградталған аналарымыз енгізіледі және де кезінде Батыр ана аталған, Ана даңқы орденінің бірінші, екінші дәрежесінің иелеріде осы категорияға жататын болады.
www.24.kz