Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ГАДЖЕТКЕ ЕМЕС, ӨМІРГЕ ТӘУЕЛДІ ҰРПАҚ ӨСІРЕЙІК

ГАДЖЕТКЕ ЕМЕС, ӨМІРГЕ ТӘУЕЛДІ ҰРПАҚ ӨСІРЕЙІК

Қазақ «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Ал қазір бала өнегені ұядан емес, ұялы телефоннан алып жүр. Бұл ата-ана, мектеп, тіпті мемлекет деңгейінде бас ауыртатын мәселеге айналды. Бүгінгінің балалары көзін ашқаннан смартфон, планшет, теледидар көріп өсіп келеді. Бір қарағанда, бұл – заманның дамуы, технологияның жетістігі. Бірақ екінші жағын ойласақ, психикасы толық қалыптаспаған бала үшін бұл құралдар зиянды қаруға айналуы мүмкін. Мәселе, баланың не көріп, нені тыңдап, кімге еліктеп жүргенінде.
Балаңыз TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформалардан не көріп жүр? Көбіне агрессияға толы ойындар, арзан күлкі мен зияны көп тағамды дәріптейтін контенттер. Ал осы ақпараттар баланың логикасына қалай әсер етеді? Оның құндылықтарын қандай арнаға бұрады? Өкінішке қарай, бұл сұраққа көбіміз нақты жауап бере алмаймыз, өйткені қадағалау жоқ. Сондықтан баланы тек жамандықтан емес, зиянды ақпараттан да қорғай білу – ата-ана мен ұстаздың, жалпы қоғамның ортақ міндетіне айналу керек. Смартфон ұстатқан соң, экран артында не болып жатқанын бақылаусыз қалдырмау міндет. Соңғы жылдары «цифрлы аутизм» деген термин жиі айтылатын болды. Бұл – баланың гаджетке тәуелді болуынан туындайтын психологиялық ауытқу. Яғни, бала адамдармен қарым-қатынасқа түскісі келмейді, сыртқы ортаға енжар, эмоциясы әлсіз, жалғыздықты жақсы көреді. Психологтардың айтуынша, бала алғашқы үш жаста көбірек адаммен байланыс жасап, сөйлесуі керек. Ал егер бұл кезеңде ол экран алдын-да отырса – мидың сөйлеуге, ойлауға, шешім қабылдауға жауап беретін нейрондары тежеледі. Бұл кейіннен оқу үлгеріміне, қоғамға бейімделуіне әсер етеді. Аудан тұрғыны, екі баланың анасы Балнұр Сағындықованың айтуынша, бүгінде ата-аналар балаларды бақылау мүмкіндігін жоғалта бастаған. – Кешке жұмыстан шаршап келемін, балаларымның үндемей отырғанына қуанамын. Бірақ кейін байқаймын, олар телефонын 3-4 сағат тастамай қарап отырады. Үлкенімнің сабаққа зейіні төмендеді, тіпті ашуланшақ болып кетті. Телефонды қолынан алсам, кәдімгідей агрессия байқалады, – дейді ол. Ескермесек – үлкен қауіп Қазіргі балалардың балалық шағы – төрт қабырға ішінде, телефон мен планшет арасында өтіп жатыр. Бұрынғыдай ауладағы асыр салып ойнау, доп қуу, асық ату, табиғатпен тілдесу сияқты тіршілік көпке таныс емес болып барады. Жаңбыр астында жүгіріп, бір-бірімен жарысқан ұрпақтың орнын енді құлағында құлаққап, қолында смартфон бар балалар басты. Мұның соңы баланың ой-санасының таяздануына, логика мен шығармашылықтың бәсеңдеуіне алып келуі мүмкін. Себебі шынайы тәжірибе, сырттағы өмірді бақылау, көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы ғана балада қиял мен ойлау қабілеті дамиды. Ал экрандағы дайын дүниені көру – дайын шаблонды санасына сіңірумен тең. Дегенмен, технологияны тұтас терістеуге болмас. Смартфон – құрал. Егер оны дұрыс қолданса, ол да пайдалы. Бірақ мұнда басты рөл – бақылауда. Баланың жасы мен қабылдау ерекшелігіне сай контент ұсыну, гаджет уақытын шектеу, гаджетсіз өмірге бейімдеу – бұл ата-ана мен мектептің ортақ міндеті. Бастысы – бала гаджетті емес, гаджет баланы басқарып кетпесін. Осыны ескерсек, технология – дос, ескермесек – үлкен қауіп. Қауіпсіздік бірінші орында Бүгінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар... Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Ата-ана – бірінші тәрбиеші. Балаға гаджет бергенде, онымен не көріп, не тыңдайтынын білуі керек. Мектеп де баланы оқытуға ғана емес, оны өмірге бейімдеуге де жауапты. Егер ата-ана уақыт таппаса, мектеп бейқам болса, мемлекеттің араласуы – заңды. Ақпараттық кеңістіктегі балаларға арналған контентті заңмен реттеу, зиянды контенттерге шектеу қою – бұл бүгінгі күннің талабы. Өйткені болашақ – біздің балаларымыз. Егер оларды ақпараттық умен уласақ, ертеңңнен не күтеміз? Бала ата-ананың айнасы болса, бүгінгі гаджетке тәуелді ұрпақ – біздің салғырттығымыздың көрінісі. Цифрлы тәуелділікті жеңу – тыйым салумен емес, баламен сапалы қарым-қатынас орнатумен жүзеге асады. Бала махаббат пен назарға тойып өскен ортада гаджетке емес, өмірге тәуелді болады.

Г.ЯХИЯ
29 шілде 2025 ж. 50 0