БАЛА – ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҚ СӘУЛЕСІ
Бала жаны өте нәзік келеді. Тіпті, бала жанын жауып тұрған аппақ қарға теңесекте артықтық етпейді. Жүректері тап-таза, мүлдем дақ тимеген балалардың қазіргі тәрбиесі қандай күйде екен?
Ұлы ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ал, келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген дана сөзі бар. Сондықтан балаларымызға жан-жақты тәрбие беріп, олардың білімдерін жетілдіріп отыру керек деп ойлаймын. «Бүгінгінің балалары қымбат смартфон мен телефонға қызығады. Ұялы телефонға ауру болып қалған», – деген пікірлер естіп жатамыз. Ол ұялы телефонды ерік түрде балалар өзі алып көрмейді. Тәрбие беретін, оны оқытатын, қызықтыратын ата-анасы емес пе?! Ата-аналардың өзі телефонға телміріп отыра қалады. Ал, оны көрген бала ата-анасынан үлгі алады. Әрине, мен өзім ата-ана болып көрмегеннен кейін, маған жәй айта салу оңай шығар. Бірақ, көріп жүрген нәрсені қалай ашып айтпасқа? Жүсіп Баласағұн бабамыздың мына сөзі есіме түсіп отырғаны: «Баланың миы - бұл тасқа қашалған жазудай» деген. Жастайынан балаңызға не үйреттіңіз, сол орын тасқа қашалғандай қалып қояды. Ал, егер ержетіп, бойжеткеннен кейін үйретемін десеңіз, онда кеш болады. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демейді ме? Бала көзі ашылмаған бұлақ. Өмірдің ащысы мен тұщысын көрсетіп, ақ пен қараны ажырата білуді ата-анасы үйретпесе, ол бұлақ өсе келе тұншығуы мүмкін. Өскенде кім боларын мақсат етпейді. Басын тауға да, тасқа да ұрады. Соңында бала өзіңнің не қалайтынын білмей дел-сал болады.
Қараңыздаршы, бүгінгі дамыған заманда қайсы балалар телефон ұстамайды дейсіз? Жақын туыс-ағайындардың үйлеріне бара қалсаңыз, кішкентай балалардың анасына: «Телефоныңызды беріңізші! Мультфильм қарайыншы», – дейді. Ал, анасы үй тірлігімен айналысып, баласына қарауды ұмытады. Сол тыныш болсыншы деп бей-жай қарайтындығы жасырын емес. Телефонды бала ұстасын. Бірақ, көп уақытқа емес. Ата-ана өзі қандай мультфильмдер көру керек екенін көрсетіп, балаға егжей-тегжейлі түсіндіруі керек. Баланы арасында демалдырып, ұйықтарда оны өзіңіздің тәтті үніңізбен ертегі айтып берсеңіз, бала балғып ұйықтап кетеді. Қазір кішкентай бүлдіршіндерге махаббат жетіспейді.
Балғын шақта балалар әр нәрсеге қызығады. Сол қызығушылығы арқылы тәлім-тәрбие алатыны сөзсіз. Гүлді, ағашты жақсы баптайтын болсақ, ол нәтижиесін береді. Дәл солай, балаға да кішкентайынан жақсы бағыт-бағдар беру керек. Бала әлемі тек жарық сәулені көргісі келеді. Ал, қазіргі балаларымыз бақытты ма? Елімізде болып жатқан түрлі жағдаяттарды көріп жатқаннан кейін, елдің болашағы жайлы қатты алаңдатады.
Ата-ананың баласына деген махаббат сезімі керек. Айтарым, жарық сәуле қараңғы болмасын! Балдырғандардың жан әлемін, жан дүниесін ашып, олармен сырласа білсек, жарық сәуле әрдайым жарық болады.
Айнұр ИБРАШЕВА