Бала тәрбиесі – баршаға ортақ
Бүгінгі таңда әлем өзгеруіне байланысты балалар мен ата-аналардың көзқарастары да өзгерді. Сондықтан мектеп, колледж алдына қойылатын талаптар да өзгертілуі тиіс. Бұрынғыдай мұғалімнің монологіне құрылған жиналыстан гөрі, топтық жұмыс арқылы ата-аналардың бірлесе әрекет етіп, проблеманы талқылағаны әлдеқайда тиімді. Баланың алғашқы тәрбиешісі ата-анасы екені анық.
Отбасы қандай болса, өсіп келе жатқан ұрпақ та сондай болады, бала әке-шешесінің үлгісінде тәрбиеленеді. Ендеше өскелең ұрпақ ел тізгінін ұстайтындай азамат болсын десек ата-аналармен жүргізілетін жұмыстардың жаңаша бағыттарын қарастырып, келешекте жас ұрпақ болашақ еліміздің тұтқасы болуына ата-ана, ұстаз болып ықпал ете білу маңызды.
«Бүкіл күш-жігерің еліңнің игілігі үшін» деген ғажайып ұстанымды берік ұстанған Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде өткен сенбі күні «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ!» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізілді. Жиынға орталық «Оқшы ата» мешітінің бас имамы Бақыт Улжаев, Жастар орталығы директорының міндетін атқарушы Біржан Бақтыбайұлы, полиция майоры Абай Мадиев, колледжішілік ата-аналар комитетінің төрайымы Халипа Жұмабаева, аталмыш оқу орынның оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Б.Дайрақұлов пен колледж студенттерінің ата-аналары қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заман талабына сай, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, имандылық әдебі, парасаты бар ұрпақ тәрбиелеу, өсіру, білім беру бүгінгі отбасының, балабақшаның, мектептің, барша елдің міндеті екендігін айтады. Шынымен де, тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі білім ошақтары мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықта.
Аталмыш жиналыстың мақсаты - құқықбұзушылықты болдырмау және оның алдын алу, діниэкстремизм және терроризм, сыбайлас жемқорлық бағыттарында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта келіп, кіші мен үлкенді сыйлауды, мейірімділік сияқты ізгі істерді насихаттап жеткізу болып отыр. Сондай-ақ, отбасы арасындағы байланыс, әкенің ұлға, шешенің қызға деген тәрбиесі, бірін-бірі сыйлай білуге, қамқорлыққа, әдептілікке тәрбиелеуге негіз болуда.
Сонымен қатар, колледжде әлеуметтік аз қамтылған 12 білім алушы қыстық киіммен қамтамасыз етілгендігін және қазіргі таңда колледжде инженер-педагог қызметкерлердің бастамасымен «Жан жылуы» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып жатқандығына да тоқталды. Колледж жастарының атынан колледжішілік студенттер жасағы құрылған. Ондағы мақсат аудан көлеміндегі жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарында жазғы демалыста студенттер жұмыс жасап, әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбексүйгіштікке баулу керектігі айтылды.
Отбасы – тәрбие көзі, білім ошағы оны шыңдаушы. «Тәрбиесіз берілген білім – тұл» деп ұлы ғұлама Әл-Фараби атап көрсеткендей, білімді ұрпақ тәрбиелеудің ата-ана мен білім ордасының тығыз байланыста болуы биік нәтижеге қол жеткізеді.
Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ.