Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі

Ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі


Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Отбасы тәрбиесі институтымен бірлесе отырып биылғы қыркүйек-қазан айларында еліміздің мектептерінде «ХХІ ғасырдың ата-аналары: балаңызға үлгі болыңыз» тақырыбында бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясын өткізуді қолға алуда.
Мектептегі дәстүрлі ата-аналар жиналысы көптеген мәселелерді шешуге көмектесетіні анық. Алайда, сынып жетекшілерінің айтуынша, ата-аналармен қарым-қатынас орнатудың бұл түрінде бірқатар қиындықтар туындайды. Ең басты себебі, педагогтерге жүктелетін жұмыстың көптігі және жиналысты өткізу әдісінің көмескіленуі. Сайып келгенде, бұл ата-аналардың мектеппен байланыс орнатуына әсер етеді. «Бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясының» дәстүрлі ата-аналар жиналысынан ерекшелігі, бұл жас ұрпақты инновациялық біліммен және отбасылық тәрбиелеу әдістерімен оқытуға бағытталған және түрлі тақырыптарды қамтитын жаңа формат. Осыған орай №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында 8-қаркүйек күні «ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол!» атты республикалық ата-аналар конференциясы өтті. Айта кетейік, бұл конференция республика бойынша бір мезгілге сәйкес кестеленген.
Аталмыш шаранының модераторы мектеп психологы А.Сүйіндікова 1 сынып оқушыларының ата-аналарымен сауалнама жүргізіп, арнайы дайындалған видеороликті назарға ұсынды. Мектеп-гимназия директоры А.Архабаева, мектеп директорының орынбасарлары мен аудандық ішкі істер бөлімі, жергілікті полиция қызметі, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспектор, полиция капитаны А.Мәдиев қатысқан конференция барысында балаларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды арттыру және діни деструктивті ағымдарды енгізудің алдын-алу мәселелері қозғалды. Жиын соңында ата-аналардың сөзіне құлақ түрсек «Осы конференцияға шақырған кезде қатардағы бір жиналыс шығар деп ойлаған едік. Бірақ ата-ана білуге тиісті алуан ­түрлі ақпараттар ойымызды түгелдей өзгертті. Ең бірінші, ұйымдастырушылар бүгінгі маңызды мәселе, яғни балалардың ақпарат алуын, оны пайдалану жайын дұрыс таңдаған екен» – деген пікірлерін білдірді.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
11 қыркүйек 2018 ж. 2 338 0