Аналар кеңесі бас қосты
Бұрнағы күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы ассамблея жанынан құрылған аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Аталмыш шараға аналар кеңесінің төрайымы Н.Палымбет модераторлық етті.
Аналардың өмірде де, қоғамда да алар орны ерекше. «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ш.Нығметқызы әйелдер қауымымен тығыз байланыс орнатып, түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Отбасындағы келеңсіздіктер, жанжал мен ажырасу мәселесіне себеп болған түйіткілдерді біліп, оның алдын алу жолдарын да насихаттайды. Аналар кеңесі ауданда 2015 жылы құрылып, құрамында 9 адам үздіксіз жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар, 22 ауылдық округтен сайланған әйелдер кеңесінің төрайымдары да еңбек етуде. Кездесу барысында отбасы және ана институттарын нығайту, сондай-ақ, жас жеткіншек қыздарды мәдени және рухани адамгершілікке тәрбиелеу бағытында және отбасылық құндылықтарды тарату жөнінде өткізілген әрбір іс-шараның басы қасынан табылатын Ш.Оразымбет жыл басынан бері атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Басқосуда облыстық аналар кеңесінің мүшесі Ф.Ибраева мен Жалағаш аудандық аналар кеңесінің төрайымы Р.Ерәлі ізгі ниеттерін білдіріп, істеріне сәттілік тіледі. Тәжірибе алмасқан келелі кездесу соңы ақ тілекпен, әсем әуенге ұласты.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.