ТЕРМЕ АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕГЕН ТАҒЫЛЫМ
Қазақтың дәстүрлі өнерінде өзіндік үні, өзгеше өрнегімен ел жадында сақталған көрнекті әнші-термеші Әбілаш Әбуовтің 90 жылдығына арналған «Ұмытылмас үн, өшпес із» атты облыстық әнші-термешілер байқауы – тағылым мен тағзым тоғысқан рухани кешке айналды.Шараның шымылдығы түрілген сәттен-ақ залды ерекше бір толқу биледі. Сахна төрінде қалықтаған әуендер, көмейден төгілген термелер – бәрі де Әбілаш Әбуовтің өнердегі дара жолын, халқына қалдырған өлшеусіз мұрасын еске салғандай әсер қалдырды. Рухани кешті ашқан аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов өз сөзінде өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы кейінгі ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтіп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мерейтой аясында өткен тағы бір маңызды сәт – «Әбілаш» атты кітаптың тұсаукесері болды. Бұл еңбек – бір ғана тұлғаның ғұмыр жолын баяндап қоймай, тұтас бір дәуірдің өнер шежіресін сөйлеткен құнды дүние. Кітаптың лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Имаил, ел ағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлмырза Ноғайбаев және әншінің күйеу баласы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Болат Боранбаев қиды.
Үш кезеңнен тұратын байқау барысында қатысушылар терме өнерінің сан қырын паш етті. Алғашқы кезеңде қатысушылар міндетті түрде Ә.Әбуовтің «Ризамын өнерге» әнін орындаса, келесі кезең Н.Бекежановтың шығармаларына арналды. Ал соңғы сайыста әр өнерпаз өзінің дәстүрлі ән мектебінен қалаған туындысын паш етті. Бірі – дәстүрлі нақышты сақтай отырып, жүрекке жетер сыршылдықпен орындаса, енді бірі – тың ізденіс пен өзіндік мәнер арқылы көрермен көңілін баурады. Әрбір орындаушы сахнаға шыққанда, тек өнер көрсетіп қана қоймай, ұлт рухын, сөз құдіретін, тарих тынысын бірге алып шыққандай әсер қалдырды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде шиелілік Мұхамедәлі Бекпейісовке бұйырды. І орынды Нұртілек Ақтаев иеленсе, ІІ орын Қуаныш Алғазиевқа табысталды. Ал ІІІ орын Дильназ Ташмұхаммедке бұйырып, ол да өз өнерімен көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар арнайы жүлде Сәбит Әбжапбаровқа табысталып, Көкен Өскенбай мен Нұрлыбек Палымбетов алғыс хаттармен марапатталды. Жиын соңында Әбілаш Әбуовтің қызы байқауға қатысушыларға ризашылығын айтып, сыйлықтар табыстады.
Бұл байқау – жеңімпаздарды анықтаумен ғана шектелген жоқ. Ол өнердің өміршеңдігін, ұлттық құндылықтардың мәңгілігін тағы бір мәрте дәлелдеген рухани алаң болды.
Шын өнер ешқашан өлмейді, ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, уақытпен бірге жаңғырып отыратын мәңгілік мұра.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ






