Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘНІ ӘДЕМІ ӘЛМЫРЗА

ӘНІ ӘДЕМІ ӘЛМЫРЗА

Сәрсенбі күні Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде әнші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Әлмырза Ноғайбаевтың 75 жасқа толу мерейтойына арналған «Әні әдемі Әлмырза» атты республикалық дәстүрлі әншілер фестивалі өтті.
Аталған фестивальге еліміздің әр өңірінен шабыты шалқар, үні бал, ел үмітін арқалаған өнер иелері мен мәдениет саласының үздіктері қатысты. Атап айтар болсақ, «Құрмет» орденінің иегері, Ғарифулла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Қайрат Кәкімов, әнші Ақмарал Ерімбетова, республикалық жыршылар конкурсының лауреаты Фархат Оразов, Жетісу облыстық филармониясының әншісі Сая Есенгелдинова, «Құрмет» орденінің иегері, Шолпан Бимбетова, әнші-термеші Мұхтар Дәрібаев, мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаева, әнші-термеші Сәбит Әбжаппаров пен Бағдаулет Қарғабаев, халықаралық «Ұлы дала дауысы» жыршылар байқауының бас жүлде иегері Зульфия ­Баймурзаева, республикалық әнші-термешілер конкурсының лауреаты Нұртілек Ақтаев, республикалық «Ән еркесі Нартай» әнішлер конкурсының бас жүлде иегері Мұхаммедәлі Бекпейісов, сондай-ақ әнші-термеші Ізбасқан Дәулетхан өнер көрсетті.
Туған жерге туын тіккен, ән әлеміне өзіндік өрнек салған Әлмырза Ноғайбаевтың жыр кеші Т.Жағыпбаровтың құттықтау сөзімен ашылды. Сәні мен салтанаты жарасқан кеште Әлмырза Әліұлымен, батыс өңірі әншілік мектебінің көрнекті өкілі, «Мәдениет майталманы» белгісінің иегері, әнші-термеші ­Хайдар Өтеғалиевке облыс әкімі Н.Нәлібаевтың арнайы құттықтауы табыс етіліп, аудан әкімінің ықылас гүлі мен арнайы шапан жабылды. Бұдан әрі фестивальға қатысушылар көрерменнің көзайымына айналған, ән әлемінің шебері Әлмырза Ноғайбайевтың репертуарындағы әндерді орындап, көпшілік алдында өнердің құдіретін әнмен жеткізді. Сондай-ақ бұл кеште аудандық «Сырлы саз» ансамбілі өнер көрсетіп, қалың көререрменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш соңында фистивальға қатысқан барша талапкерлер арнайы сый-сыяпаттармен марапатталды.

Сымбат СҰЛТАН
18 желтоқсан 2022 ж. 878 0