Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ән әлемінің – Әлмырзасы

Ән әлемінің – Әлмырзасы

Қазақ ән өнерінде есімі ерекше аталатын өнер иелері жетерлік. Олардың қалдырған асыл мұрасы ұлттық құндылықты ұлықтаудың үлгісі ретінде дәріптеліп келеді. Сол қатарда күміскөмей әнші, дарынды сазгер Әлмырза Ноғайбаев та бар. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» дегендей, «Әнге айналған Шиелім» әнін жарыққа шығарған талантты әншінің бұл тамаша туындысы кең даланың төсіндегі барша тыңдарманның құлақ құрышын қандырғаны хақ.
Жақында Талаптан ауылдық округінің мәдениет үйінде әкімдік пен мәдениет үйі және кітапхананың ұйымдастыруымен ҚР еңбек сіңірген қызметкері, ауданның «Құрметті азаматы», әнші-сазгер Әлмырза Ноғайбаевтың 75 жасқа толуына орай «Әні әдемі – Әлмырза» атты кездесу кеші өтті. Әні мен сәні келіскен азаматтың бойынан өнерге деген адалдық пен тазалықтың лебі есіп тұрды. Кездесуге келгендердің бәрі осылай деп баға берді. Аталған кешке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев, аудандық мәслихат депутаты Н.Мырзабеков қатысып, жылы лебізін білдірді. Ал, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, сазгер-әнші Ө.Исмаил «Әні әдемі – Әлмырза» деп баға беріп, адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етті.
– Сізді мерейлі 75 жасыңызбен құттықтаймыз. Шиелі халқы өзіңіздей даңқты жерлесін әрқашан да мақтан тұтады. Әлмырза бауырым – әндері әуезділігімен, өзіндік нәзік иірімімен, сыршылдығымен, қазақылығымен жүрекке жол тапқан талант иесі. Сазгерлік пен әншіліктің тізгінін тең ұстау – әркімнің маңдайына жазылмаған бақыт. Біз қашанда өзіңдей бауырымызбен мақтанамыз. Өйткені, Әлмырза өнерді адал емген, жақсылық жасаудан жалықпаған ерекше тұлға, – деді.
Шараның шымылдығы мерейтой иесінің Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған «Ақсақ киік» әнімен ашылып, қонақтар сазгердің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмді тамашалады. Онда жетпістің бесеуіне келген Әлмырза ағамыздың өмір жолы көрсетілді. Кейіпкеріміз Талаптан ауылында 1947 жылы дүние дидарына келген. Бала кезден өнер өлкесіне еркін бойлаған ол 1965 жылы мектеп бітіріп, Алматыдағы эстрада және өнер студиясына түсіп, 1967 жылы Қазақ ССР-інің Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің сыныбынан дәріс алды. 1967 жылы Қарағанды Мемлекеттік филармониясының әншісі, 1967-1970 жылдары Совет армиясы қатарында, 1970 жылы Шиелі аудандық мәдениет бөлімінде түрлі қызметте болды. 1979 жылы Қазақ ССР-і Жоғары кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды. 1994-1999 жылдары облыстық мәслихат депутаты, 1996 жылы «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қызметкері», 1997 жылы Ноғайбаевтарға «Халық отбасы» ансамблі атағы берілді. 1998 жылы Ашхабатта өткен Кіндік Азия және ҚР-ның әнші-композиторларының фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. 1990 жылы «Жас дәурен» ән-би ансамблінің құрамында Португалияда болып қайтты. 1994 жылы Шиелі ауданының өнері мен мәдениеті, 1996 жылы Қызылорда облысының өнері мен мәдениеті күндері Алматы қаласында өтуіне орай Қазақконцерт залында өнер көрсетті. Әлмырза Ноғайбаев – композитор, әнші. Шығарған әндерін өзі орындап көрерменге жеткізеді, өзі нотаға түсіреді. Оған 2018 жылы «Құрмет орденінің ковалері», 2022 жылы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Кеш соңында әнші-сазгер Ә.Ноғайбаев қалың көрерменге өзінің ыстық лебізін білдірді.
– Құрметті ағайын! Баршаңыздың маған деген жылы көңіл, ыстық пейілдеріңізге ризамын. Сый-құрмет көрсетіп отырған өзімнің өсіп-өнген жерім Талаптан ауылдық әкімдігіне, осындағы сыйлап келген жұртыма, осынау ізгі шараның басы-қасында жүрген Талғат пен Иранғайып, Кенжебай мен Ержан інілеріме жүрекжарды алғысымды айтамын. Басымыз аман, бауырымыз бүтін, заманымыз тыныш болсын! Тек қана жақсы күндерде, жақсылықта жүздесейік! – деді.
Сонымен қатар, шара соңында мәдениет үйінің өнерпаздары сазгердің әуезді әндерін орындап, биден шашу шашты. Кештің өтуіне ұйытқы болған ауылдық мәдениет үйінің басшысы Талғат Күзенбаев пен кітапханашы Азиза Дүрманова құттықтау сөзін жеткізіп, Әлмырза Ноғайбаевқа шығармашылық табыс тілеп, сый-сияпат жасады.

Ш.Тілеубаев
01 сәуір 2022 ж. 562 0