Тебіреніп жүрегімнен ән арнадым
Жуырда Арман мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тебіреніп жүрегімнен ән арнадым» атты жергілікті ақын-сазгерлердің шығармашылығына арналған әдеби сазды кеш өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізілген шара ауданның ақын-сазгерлерінің шығармашылығын қайта жаңғыртып, рухани азық сыйлады. Сыр елі, жыр елі деп айтылуы бекер емес. Сыр бойын талантымен тәнті еткен Нартай Бекежанов, Әбілда Тәжібаев, Арзулла Молжігітов, Қалмахан Әбдіқадыров, Иманжүсіп Құтпанұлы сынды артында із қалдырған тұлғалардың жалғасы Әлімхан Оспанов, Құрманбек Бекпейісовты айтпай кетуге болмас. Сондай-ақ шараның төрінен орын алған кеш қонақтары Бөрібай Қоңқабаев, Әлмырза Ноғайбаев, Өркен Исмаил, Абат Нұртайұлы, Кенжебай Жүсіп, Алмат Қалекеев, Ғазиз Мақатаев, Нариман Мизамбаев, Гүлзина Нұрманова, Әл-Фараби Бекарысұлы сынды ақын-сазгерлер аудан өнерпаздарына рух берді. Одан әрі Елдос Сейілов «Шиелім», Аналар ансамблі «Келші қарғам», Самат Сейтенов «Ұлы дала ұраны» әнімен кештің көркін кіргізсе, Нартай өнер мектебінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісов «Әнші сезімі» әнімен көрермендердің көңілін тербеді. Шиелілік өнерпаздар ән-мен жырдан шашу шашқан шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев қорытындылады.
Г.ДҮЙСЕБАЙ