Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлылар ұмытылмайды

Ұлылар ұмытылмайды


Биыл Нартай Бекежановтың төл шәкірті, Нартай мұраларын зерттеуші Арзулла Молжігітовтің дүниеге келгеніне 90 жыл толды. Осы орайда ақын шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында әрі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында орталық кітапханада шығармашылық кеш өтті.

Нартай ақынның бар жақсы қасиетін бойына дарытқан Арзулла атамыздың Шиелі өңірінде Нартай мұражайы ашылғанда тарыдай шашылып жүрген көптеген шығармаларын жинастырып, кейінгі толқынға жеткізе білгені ұстазына асқан құрметі, баға жетпес адалдығы деп айтуға болады. Бала кезінен ән салып, қара өлең, тіпті қисса, дастан жазуда алдына жан салмай өскен ол, облыстық, республикалық айты­­старда да аузы дуалы ақындармен иық қағысып айтыса білді. Арзулла Молжігітов Санк-Петербург қаласында бүкіләлемдік Лорд конференциясына қатысты. Сол жерде «Иман Жүсіпке хат» дастанын орындап, тыңдаушыларына Нартайдың сазды мақамын жеткізіп, лауреат атанып, даусы әлемдік алтын қорға жазылып, қолжазбалары мұрағатқа табысталды. Ақынның бұл еңбегі мұқым, қазақ халқы үшін зор мақтаныш деуге болады.
Шебер шежіреші, мәдениет майталманына арналған айтулы шараға ұстазының жолын жалғап, өнер әлемінде өзіндік із қалдырып келе жатқан Рахметулла Жолтаев пен Нұртілек Ақтаев арнайы қонақ болып, өзіндік ізгі-тілек, естеліктерін айта кетті.
Шара одан әрі жастардың кеш қонақтарымен пікір алмасуымен жалғасты. Өнерпаздар сырнаймен әсем әндер орындап, шағын эпизодты күйлерінде паш етті. Жиын соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
25 мамыр 2019 ж. 1 054 0