Ескерткіш – елге аманат
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», – делінген.
Еліміздегі барлық ескерткіштер мен қорықтар, кесенелердің сақталуы, келер ұрпақ тарихын білуі борышымыз деп білеміз. 18 сәуір – Халықаралық тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күніне орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 17 сәуір күні Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейінде «Ескерткіш – елге аманат» атты іс шарасы өтті. Іс шараға Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев, бас маманы Ж.Отарбаева, әдіскер А.Әбілдаева және ауыл тұрғындары мен оқушылар қатысып,
«Нартай сазы» фольклорлық ансамбілінің өнерін тамашалады. «Нартай сазы» фольклорлық ансамблі Қорқыттың «Сарын», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін, С.Байтерековтың шығармасы «Кішкентайды» орындады. Нартай музейінің ғылыми қызметкері М.Қалтайқызы Н.Бекежановтың мүсінін жасаған суретші Е.Биманов жайлы «Сырлы бояумен сусындатқан» тақырыбында лекция оқыса, қор сақтаушы Н.Нақыпов Шиелі ауданындағы кесенелер мен ескерткіштер жайлы мәліметті слайд арқылы көрсетті.
Нартай ауылдық кітапхана қызметкерлері «Сырға тұнған Сыр топырағы» тақырыбында кітап көрмесін қойды. Іс шараға келген қонақтарға Нартай Бекежанов мемориалдық өнер музейінің директоры Ғ.Көшекбаев алғысын білдірді.
Меңтай ҚАЛТАЙҚЫЗЫ,
Нартай Бекежанов мемориалдық өнер музейінің
ғылыми қызметкері.