Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПИРОТЕХНИКА: ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

ПИРОТЕХНИКА: ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Мереке күндері пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға деген қызығушылық арта түсетіні белгілі. Алайда көздің жауын алған отшашудың артында адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп те бар. Осыған байланысты Шиелі ауданы аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы қолға алынды.
Аталған шараның негізгі мақсаты – пиротехникалық өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Іс-шара барысында заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, қолдану, тасымалдау, жою, сондай-ақ ел аумағына әкелу мен әкету тәртібінің сақталуы назарға алынды. Сонымен қатар сертификатталмаған өнімдерді көтерме жеткізушілер мен олардың сақтау орындарын анықтау бағытында бақылау шаралары жүзеге асырылуда.
Тұрғындармен кездесулерде азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сатып алу, сақтау және пайдалану кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілуде. Әсіресе пиротехникалық өнімдерді кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынғаны ескертіліп, ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлу керектігі айтылуда.
Қауіпсіздік мәселесі білім беру ұйымдарының да назарынан тыс қалған жоқ. Мектеп оқушыларына пиротехникалық бұйымдарды өз бетінше пайдаланудың қауіптілігі, оның соңы жарақат алу мен өрт оқиғаларына ұласуы мүмкін екені түсіндірілуде. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі мен жеке бас амандығын сақтау жөнінде тағылымды әңгімелер өрбіп, сақтық шараларының маңызы жеткізілуде.
Айта кету керек, пиротехникалық бұйымдарды жауапсыз пайдалану бір сәттік қызық үшін орны толмас өкінішке себеп болуы мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік ережелеріне бейжай қарамай, заң талаптарын сақтау – баршаға ортақ міндет.
Есте сақтаңыз: мерекенің сәні – отшашудың көптігінде емес, әр отбасының амандығы мен балалардың шат күлкісінде!
24 қараша 2026 ж. 12 0