Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нартай шығармашылығы насихатталды

Нартай шығармашылығы насихатталды


Осы уақытқа дейін мектеп оқушылары арасында Абай, Шәкәрім оқулары, Мұқағали жырлары деген байқаулар өтетіні белгілі. Абайдың өлеңдерін жатқа оқудан оқушылар жарысқа түсіп, көркемсөз оқудың шебері атанатын. Жуырда Сондай көркемсөз оқудан байқау ұйымдастырылды. Бірақ, бұл жолы оқушылар ақын, әнші-композитор ­Нар­тай­ Бекежановтың шығармаларын жатқа оқудың байқауы болатын.

Қазақтың халық поэзиясындағы суырыпсалма, төкпе ақындық пен композиторлық, орындаушылық өнердің үздік шебері Нартай бабамыздың шығармашылығы – ұлттық рухани құндылықтар қатарындағы қазынамыз болып табылады. Артында өшпейтін дәстүрлі ізін қалдырған Нартай Бекежановтың ақындық мұрасы – қазақ сөз өнері тарихындағы өміршең өнер қасиетін танытатын қымбат қазына. Осындай қымбат қазынамызды кейінгі ұрпақ жадында қайта жаңғырту, ақын шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мен жастар жылы аясында «Арман» мәдениет үйі мен Нартай өнер мектебінің ұйымдастыруымен облыстық ­«Нартай оқулары» байқауы өтті. Байқауға Жалағаш, Сырдария, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарынан және Қызылорда қаласынан келген 50-ге жуық талапкер қатысты. Облыстық өнер байқауы 2 бағыт бойынша жүзеге асты. Олар Нартай өлеңдерін жатқа оқу және әндерін мақам саз қолдану арқылы орындау.
Әуен қосып, домбыраңа ән арттың,
Сол әуенмен жұртты өзіңе қараттың.
Өзіңдей-ақ бола берсін, Нартайым.
Өнердегі бар баласы қазақтың, – демекші, Нартай мұрасының қымбат қазынасын арқалап, оны әлемдік деңгейде насихаттаған Әбілаш Әбуов, Балқашбай Жүсіпов, Арзулла Молжігітов, Құрманбек Бекпейісов, Ақмарал Ноғайбаевалар ата мұрасының аманатын абыройлы арқалап, кейінгі өскелең буынға саф қалпында жеткізе білді. Рахметулла Жолтаев, Нұртілек Ақтаев, Мұхамедәлі Бекпейісовтер Нартай мұрасының қазіргі буын жеткізушілері, насихаттаушылары.
Үш сағатқа созылған байқау өте әсерлі әрі тартысты өтті. Бірінен бірі қалыспай, кіл мықтылар жиналған жарыста Жалағаш ауданынан келген қатысушы Нартай бабамыздың 38 өлеңін жаттаған Рәбия Қодар бас жүлдені жеңіп алды. Байқаудың қорытындысы бойынша І орын Сырдария ауданынан келген Қызғалдақ Толыбековаға, ІІ орын Қазалы ауданының қатысушысы Ақбота Қарлаңбайға бұйырса, ІІІ орынды Шиелі ауданының қатысушысы Нұрсила Абдуллаева иемденді. Сонымен қатар, ақын өлеңдерін жатқа оқудан үздік өнер көрсетіп, ерекше көзге түскен Жалағаш ауданының қатысушысы Ғайникамал Қалдыбай арнайы жүлдемен марапатталды.
Екінші бағыт Нартай әндерін орындау­да ән терме жанры бойынша Қызылорда қаласынан келген қатысушылар Бекзатхан Әбдімәжитов бас жүлдені, Ақбота Жәку І орынды жеңіп алса, ІІ орын Шиелі ауданының әнші-термешісі Ерқанат Махмұт, ІІІ орын Шиелі ауданының қатысушылары Сымбат Үсен мен Дидар Сүгірәлиевтерге бұйырды. Барлық қатысушыларға алғыс хат пен ақшалай сыйлық табысталды. Байқау соңында әділқазылар жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқауға өз алғыстарын айтып, бұл жарыс жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналсын деген ұсыныстарын жеткізді.

Айнұр НАЗАРОВА.
30 сәуір 2019 ж. 1 275 0