Жеке басымда бір ғана мақсат бар
УНИВЕРСИТЕТ ҚАБЫРҒАСЫНДА ОҚЫП ЖҮРІП-АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛОРМОНИЯДА ЕҢБЕК ЕТКЕН МҰХАМЕДӘЛІ БЕКПЕЙІСОВ БІРНЕШЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЛАРДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ. БҮГІНДЕ ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАП, «НАРТАЙ ӨНЕР МЕКТЕБІН» БАСҚАРЫП КЕЛЕДІ. ЖАС БОЛСА ДА ЕЛГЕ АЙТАРЫ БАР, ХАЛЫҚҚА ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІ НАСИХАТТАУДА ҮЛКЕН ІЗДЕНІС ҮСТІНДЕ ЖҮРГЕН АЗАМАТПЕН ЖАСТАР ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДА СҰҚБАТТАСУДЫ ЖӨН КӨРДІК.
– Мұхамедәлі, өзің жас болсаң да бас болып жүрген азаматтардың бірісің. Әкең салған сара жолды алып жүру қаншалықты оңай?
– Оңай деуге келмес. Кез келген міндеттің өзіне тән қиыншылығы болады ғой. Мен әкемнен ғана емес, сонымен қатар, үлгі тұтар ұстазымнан қатар айырылдым. Қазақта сөз бар «Әке – асқар тау» деген. Шынында, әкем барда мен ешқандай қиындық көре қоймадым. Әкем өмірден өткеннен кейін менің өмірімде жаңа дәуір басталғандай болды. Баяғыдай әкем жоқ. Барлығы өзіме қалды. Ендігі міндет әкемнен қалған мұраны абыроймен алып жүру. Алла бұйырса оның да кезеңі келеді.
– Шынын айту керек, жыршы-термешілерді кейінгі буын қабылдай алмай жатады. Мүмкін заман ағымына сай дәстүрлі өнерге қандайда бір жаңашылдық енгізу керек шығар, қалай ойлайсың?
– Жас буын өкілдері жыр-термені қабылдай бермейтіні рас.
Осы орайда үлкен өзгеріс керек сияқты. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» демекші xалықтың өз мұрасын өзіне жаңаша бағытта ұсыну керек. Ол үшін біз секілді жас буын өкілдері тынбай жұмыс жасау керек.
Осы тақырыпта алға қойған тың идеям бар, бірақ, оны уақыты келгенде көрсетемін. Бұйырса, үстіміздегі жылдың соңына таман облыс орталығында жеке шығармашылық кешімді беремін деп жоспарлап отырмын, сол кезде көре жатармыз.
– Құрманбек Бекпейісовты көпшілік мәдениет қайраткері, дәстүрлі өнерді насихаттаушы, ең бастысы, «Нартай өнер мектебінің» іргесін қалаушы ретінде таниды. Ал, өмірде қандай әке болды? Сенің бойыңда оның қандай қасиеттері бар?
– Әкем туралы шешіліп айтар болсам, ұзақ әңгіме болайын деп тұр. Әкем маған тек әке емес, сонымен қатар, үлгі көрсетер ұстазым, кейде сырлас досым да бола білді. Жанымды айтқызбай түсінетін. Көп қолдау беретін. Мінезді адам болғасын қатал тәрбиесін де көрдім. Әкемнен алғаным көп болды. Өнерден бөлек дін жайында, басқа да кез келген бағытта өз білгенін аямады. Әкем «маған қолдау беретін адам болмады, өзімді өзім көтердім» деп жиі айтатын. Аллаға шүкір, маған көзі тірісінде қолдау бермей қалған жері жоқ. Оған ұқсаған қасиеттеріме келер болсақ, өнерін дәріптеп жүргенім сол кісіден қалған қасиет қой деп сезінемін.
– Өзің айтыскер-ақын, жыршысың, көптеген байқаулардың жүлдегері атанып үлгердің. Ел білмейтін басқа қандай қырларың бар?
– Өнерден бөлек елдің істегенін қолдан келгенше жасаймыз. Мақтанатындай ештеңе жоқ екен.
– Сен үшін ең биік шың қайсы? Өзіңді он жылдан соң қалай елестетесің?
– Жеке басымда бір ғана мақсат бар – елдің қажетіне жарасам болды деген. Қалғаны Алланың бергені.
– Жуырда Нартай жырларынан байқау ұйымдастырғалы жатыр екенсіңдер. Дайындық жұмыстары қалай болып жатыр?
– Иә, 26 сәуір күні сағат 10.00-де Арман мәдениет үйі мен Нартай өнер мектебінің ұйымдастыруымен Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» және Жастар жылы аясында ақындық пен әншіліктің тұтқасын қатар ұстаған, көрнекті ақын, әнші Н.Бекежанов шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау, ақын мұрасын кейінгі ұрпақ жадында қайта жаңғырту мақсатында «Нартай мұрасы» атты облыстық байқау өткізіледі. Бұл байқаудың басты ерекшелігі Нартай оқуларына арналуында, одан кейін Нартай бабамыздың әндерінен бөлек өлеңдерін жатқа айтуда. Мектеп қабырғасында жүрген балаларға Нартайдың 1 шумақ болса да өлеңін жаттатқызу, оны саxнаға шығарып дәріптеу – үлкен еңбек. Бұл байқау сол мақсатта жасалып жатқан игі бастама. Дайындық жұмыстары, Аллаға шүкір, жақсы.
Сайыс облыстық деңгейде, екі бағыт бойынша өткізіледі. Біріншісі, Нартай әндерінен жарыс. Оған жас жыршы- термешілер қатысады. Ал, екіншісі – Нартай оқуларына арналмақ. Яғни, Нартайдың өлеңдерін жаттап келген қатысушы талапкер саxнаға шығып, жатқа айту керек.
Байқауға негізінен Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарынан жыраулар үйінің шәкірттері мен мектеп оқушылары қатысады.
– Байқаудың идея авторы кім?
– Байқау «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шәлекеева мен сол жерде еңбек еткен Күнсұлу Түрікпеннің идеясы болатын. Бұған дейін республикалық деңгейде де ұйымдастырылды.
– «Нартай өнер мектебінің» алдағы жоспарларымен бөліссең?
– Нартай мектебінің негізгі мақсаты – Нартай мұрасын насиxаттау, жас буынға аманаттау. Осы мақсатта 5 үйірме жұмыс жасайды. Олар Арзула Молжігітовтың «Сырнай» үйірмесі, Маxанбетқали Тұрсанов атындағы «Ақындар» үйірмесі, Шолпан Жанболатқызының «Халық әні» үйірмесі және Тайжан Қалмағамбетовтың пен Әбілаш Әбуовтың «дәстүрлі ән» үйірмелері. Барлық сала бойынша бас-аяғы 40-тан астам шәкірт тәрбиеленіп жатыр.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңе рахмет. Жұмысың жемісті болсын.
Сұхбаттасқан Гүлхан ЯХИЯ.