Өлмейтін өнер иесі
Шежірелі Шиелі дегенде ойға оралатын бірінші адам ақын Нартай Бегежанов секілді. Әншілігі мен ақындығы арқасында елді аузына қаратқан Нартай бабамыз туған жерінің ғана емес, тұтас елінің даңқын асқақтатты. Ізгінің ізі, көненің көзі, Нартайдың мұраларын насихаттаушы бір адам болса ол жырау, сазгер – Құрманбек Бекпейісов.
Сырдың жыр керуенінің алдында жүретін аяулы аға, ақжүрек азамат. 1965 жылдың 10-шы тамызында Шиелі ауданы, Ботабай ауылында дүниеге келген. 15 жасынан бала жырау атанып, сырдың мақам саздарымен, жыр термелерін елге насихаттап, Нартай мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізген ерекше дарын иесі. Сондай-ақ, 2013 жылдан бастап «Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту» бөліміне қарасты «Нартай» өнер мектебін ашып, оның дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Көптеген әндердің сөзін де, әнін де өзі жазып, артына мол мұра қалдыра білді. Біреу білсе, біреу білмес, ақын Мейірбек Сұлтанханның алғашқы ұстазы. Сөз саптауына, мақаммен дауыс үйлесіміне үлкен көңіл бөліп, биік белестерді бағындыруына зор үлес қосты. Бастауыш сыныптың баласының бабын тауып, тұлпарды тай күнінен танып, топқа салған да осы Құрекең. М.Сұлтанханның үлкен сахналарда Нартай мақамымен айтысып жүруіне ықпалын тигізген де Құрманбек Бекпейісов болатын. Ол әңгімені әріден толғағанда, талай ақын домбырасын тастап, қашып кетердей еді.
Қайбір жылы Қызылорда облыстық филармониясы Португалия мемлекетіне барып концерт беріп қайтты. Бірақ, сыр өнерпаздары жолға шыққан сапар сапында Қ.Бекпейісов болмай қалады. Сонда да Құрекең өз қаржысына билет алып, облыстың өнерпаздарына ілесіп, шет елге шығады. Бірақ, өкінішке орай, концерттік бағдарламаның тізімінде ол жоқ. Филармония алып барған әндері Португалия халқына өтпей, өнерпаздар әбден сасады. Сол уақытта Құрекең сырнайын қолына алып сахнаға шығып, ақын Нартайдың «Сырнайым» деп басталатын әніне салып, тікесінен тік тұрып, сырнайының бір шеті жерге түскенше дауысын созып, көрермендерді тәнті еткен. Португалия халқы орындарынан тұрып қошемет білдіріп, орындаушылық шеберлігіне тамсанған.
Сыр елі сүлейлердің мекені десек, олардың соңғы тұяғы Құрманбек Сейтахметұлы еді. Әуелетіп әнге салғанда, өнерді түсінетін кез келген жан, атты болса тоқтап, жаяу болса отырып тыңдайтындай шебер орындайтын. Есте сақтау қабілеті де ерекше. Нартайдың, Арзулланың айтыста айтқан сөздерін мәнін бұзбай, сөзбе-сөз талай айтып берген болатын. Құрекеңнің тағы бір қыры астарлы әзілдің шебері еді. Жан жолдасы ақын Кенжебай Жүсіповпен әңгімелері, ойындары бүкіл республика көлемінде аңыздай айтылып жүр. Өнердің айналасында жүрген көзі ашық азаматтар кейбір әңгімелерін жаттап та алған. Ердің басын алтын қылатын – әйел. Нағыз осы заманның серісі Құрекеңнің биік дәрежеге жетуі, әуелі құдай, содан соң, жары Ырыскүл Бәтишеваның еңбегі. Өнер адамы кейде мінезді, кейде ерке, кейде қатал болады. Сол мінездің бәріне төзе білген аяулы жар осындай-ақ болсын. Құрекең бәріне үлгеріп жүретін. Бала тәрбиелеуде де жаңылмаған. «Әке көрген оқ жонар» деген мақал дәл айтылған секілді. Әкесі ашқан мектептің мәртебесін түсірмей, сол дәрежеде ұстап тұрған ұлы Мұхамедәлі Бекпейісов. Ат тұяғын тай басқаны отбасында тағылымды тәрбие көргені. Құрманбек Сейдахмедұлының орындауындағы жыр-термелер дүниежүзілік Лорд конференциясының алтын қорына жазылып алынды. Ауданның мәдениет саласында 40 жылдай қызмет атқарып, ҚР мәдениет қайраткері төсбелгісімен марапатталды. Нартай ақынның 27 ән мен мақам саздарын өз айтуында нотаға түсіріп, жас буынға үлкен сый жасады. Мұнымен қоса, өзінің шығарған дастан-термелері де жетерлік. Тек домбыра емес, сырнай, қобыз аспаптарында әнді жырды керемет орындайтын. Ән-жыр айту бір бөлек, шәкірт ертіп, ән айтуды үйрету ерекше қабілетті талап етеді. К.Төленбаева, Ә.Мақсатбаев Д.Әубәкиров, Н.Ақтаев сынды өнерпаздарға ұлағатты ұстаз бола білді. Өзі ашқан «Нартай» өнер мектебінің оқушылары да республикалық, халықаралық сайыстарда жүлде алып келіп, ауданның абыройын асыруда. Денсаулығына байланысты демалысқа шығып, жастарға мүмкіндік те берген еді. Бейнетінің зейнетін көрер шақта, ауданның бетке ұстар азаматын азынаған ажалдың желі соғып, өмірдің теңізінен келместің кемесіне мініп кете барды. Сумаңдаған су жыландай суық хабар жылы жүректерге жетіп, ыстық жас болып жанарлардан шығып кете барды. Шиелінің өнер саласына өшпестей із қалдырып, өнегелі жолын салып кетті. Тек өнерпаздар емес, аудан халқы сан соғып, етегі жасқа толып, қайғырып қалды. Осындай атпал азаматтың ажал құрығына ілініп кеткені бәрімізді қынжылтады. Ендігі жерде өзі ашқан мектептен, өзінен асқан өнерпаздар шығады деген үміттеміз.
Бекжан Ержігіт.