Әуелеп ұшқан ән-жырым, ұрпағыма аманат
Облыстың Бес ғасыр адамы шыққан Шиелі өлкесі – таланттылардың ордасы. Оны Жуырда Ортақшыл ауылдық клубында өткен «Әуелеп ұшқан ән-жырым, ұрпағыма аманат» атты өнер фестивалі тағы да айқындай түсті. Сыр сүлейлерінің көшін жалғаған, Нартай Бекежановтың шәкірті, ақын, жырау Арзулла Молжігітовтың 90, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор Бексұлтан Байкенжеевтің 70 жылдығына орай өткізілген шараға аудан өнерпаздары қатысты.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған шара танымал айтыскер ақын, ҚР мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп және шәкірттері Талғат Күзембаев, Бекжан Ержігіт сынды ақындардың арнау өлеңдерімен бастау алды. Одан әрі Ортақшыл ауылдық округінің әкімі Ж.Ноғайбаев:
– Сыр елінің серісі, тума талант Нартай Бекежанов – артында өшпестей із, өнегелі іс қалдырған жан. «Тау алыстаған сайын биік көрінеді» демекші, жылдар жылжып өткен сайын оның бейнесі, тұлғасы кесектеліп, сомдала түсіп, абыройы асқақтап, өрісі өсіп келеді десек, артық айтқандық емес. Бұған нар тұлғалы Нарекеңе халқының көрсетіп келе жатқан құрметі мен ілтипаты, ізгілікті көңілі айғақ, – деп қорытындылады сөзін. Ал ауыл ақсақалы, ардагер-ұстаз А.Ақпанбетов өнерпаздарға сәттілік тілеп:
– Нартай ақынның ұлылығын бойына дарытқан А.Молжігітов ақынның ел аузында тарыдай шашылып жүрген өлеңдерін жинақтап, мақам, саз әндерін кейінгі толқын жеткіншектерге үйретіп кетті. Бұдабай, Нартай, Есенбек, Иманжүсіп, Гүлжамал, Ақсалы Балайым, Ескендір мұраларын аман сақтап бізге аманаттады.
Нартай өнерінің соңғы шырақшысындай мұражай қызметін жөнге келтіріп, өмірінің соңына дейін ел тарихын болашаққа жеткізген, асыл адам халықтың қадірлісі атанды. Арзулла Молжігітов – ерекше дарын иесі, мәдениет майталманы, шебер шежіреші, – деді.
Қос алыптың өмір дерегін сүзіп өткен шараның жалғасы А.Молжігітовтың ұрпағы Р.Жолтаев пен аудандық «Нартай өнер мектебінің» басшысы М.Бекпейістің ән-жырымен ұласты. Шара соңында қатысушы өнерпаздарға арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ