Текті сөзден өлең өрді
Таяуда Ақмая ауылдық округіндегі мәдениет үйінде «Төрт қатарда бір ғасыр» атты облыстық арнау айтушылар байқауы өтті. Аталмыш шараға Шиелі ауданы әкімдігі қолдау көрсетіп, «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы, меценат Дәулет Жұмбеков демеушілік
жасады.
Текті сөзден тәлім алған, от ауыз, орақ тілді мықты ақын-жыраулардың шығуы – әр өңірге мақтаныш. Сүйегіне сөз қонған таланттардың томағасын сыпырып, үлкен аламандарға қоспас бұрын қолдап, қолпаштау – ләзім. Ақмая ауылдық клуб меңгерушісі Алмат Қалекеевтың басшылығымен ұйымдастырылған шараға облыс көлемінде танылып жүрген 14 үміткер қатысты. Домбырасын асынып, шабытын шалқытқан ақындардың өнер додасын тамашалауға ауыл тұрғындары да қаумаласа кетті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұлттық дәстүріміздің жаңғырғанын көріп, көңіл марқайды. Сыр елі сүлейлерімен мақтанып, ақындарын көкке көтеретін, өнердің бағасын білетін халық. Айтулы шараға «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбай, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Гүлжан Байзақова төрелік етті.
Байқауда Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған ауданының ақын-жыраулары бақ сынады. Бірінші айналымда арнау өлеңдерімен тыңдармандарын сүйсіндірген үміткерлер келесі кезеңде суырып салма қабілетін көрсетті. Арнайы берілген тақырыпқа сол мезетте сөз тауып, өлең құраған қазалылық Ермекбай Ағыраев бас жүлдені иеленді. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей, әзіл сөзбен астарлы ой тастап, шалыс ұйқаспен шашасына шаң жұқтырмаған ақмаялық Шыңғысхан Құдайбергенов бірінші орынды қанжығалады. Көрші Жаңақорған ауданынан келген Қанат Жандарбаев жырымен жылу сыйлап, екінші орынға табан тіресе, келесі жүлде аралдық Қайрат Құлыкешов пен қармақшылық Берік Аққалиевке бұйырды. Ит жылына жаңа серпінмен қадам басқан тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің жанды рухани байлықпен толықтыратын айтулы шараларының басы бұл. Түрлі іс-шараны ұйымдастырып, аудандағы өнер адамдарын елге танытатын игі істердің керуені үзілмегей.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.