Конституция – елдің басты құндылығы
Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін басты құжат. Еліміздің жаңа Конституциясында қоғам мен мемлекеттің даму бағыттарын айқындайтын маңызды қағидалар мен ережелер қамтылған.Негізгі заңдағы әрбір норма елдің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға, азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталғаны маңызды.
Конституцияны біз көбіне «мемлекеттің басты заңы» деп қабылдаймыз. Алайда оның мәні мұнымен ғана шектелмейді. Конституция – мемлекеттің құрылымын белгілейтін құжат қана емес, ең алдымен адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын, мемлекет пен қоғам арасындағы құқықтық қатынастардың негізін қалыптастыратын басты құқықтық акт.
Сондықтан Конституцияның әрбір бабына жай ғана заң нормасы ретінде емес, оның азаматтың күнделікті өміріндегі нақты мағынасын түсіне отырып қараған жөн.
Мәселен, жаңа Конституцияның 1-бабында Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені және мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітілген. Бұл – Конституцияның бүкіл мазмұнын түсінуге мүмкіндік беретін негізгі құқықтық тұжырымдардың бірі. (Аділет)
Ал Конституцияның негізгі құқықтар мен бостандықтарға арналған бөлімінде адамның құқық субъектісі ретінде танылуы, өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүмкіндігі, сот арқылы қорғалу құқығы және заң көмегін алу құқығы нақты белгіленген. Яғни Конституциядағы норма азамат үшін абстрактілі ұғым емес, қажет болған жағдайда өзінің құқығын қорғауға мүмкіндік беретін құқықтық негіз.(Аккорда)
Конституцияны құрметтеу – заңды құрметтеу. Ал заң талаптарын сақтау – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан жаңа Конституция ережелерін халыққа түсіндіру, оның мәні мен маңызын кеңінен насихаттау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Мықты мемлекет – мызғымас заң үстемдігінен басталады.
Өркен Исмаил,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы







