АТА ЗАҢНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ ШИЕЛІ ЖҰРТШЫЛЫҒЫНА ТҮСІНДІРІЛДІ

Қызылорда облысында жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен таныстыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы үгіт-насихат шаралары аясында өңірлік және аумақтық коалиция мүшелері Шиелі ауданында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. «Руханият» орталығында аудандық әйелдер кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесу ұйымдастырылып, онда жаңа Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілді.
Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері Қожамберлиев Баймырза Қожамберліұлы, Ерназаров Қайрат Шаршыбекұлы, Мұстафа Садық Шонмұрынұлы және аумақтық коалиция мүшелері Тұрабаев Мұрат Өскенбайұлы, Шалекеева Нұргүл Тәңірбергенқызы, Ыханова Құттықыз Шайыққызы, Жақыпова Гүлдана Көпболсынқызы қатысты.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасының басты мақсаты елдегі демократиялық қағидаттарды нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамдағы әділеттілік пен ашықтықты арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ, Ата заңдағы өзгерістер мемлекет пен қоғамның дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны айтылды.
«Жаңа Конституция – ел болашағына бағытталған маңызды құжат. Онда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру мәселелері кеңінен қамтылған. Сондықтан жаңа Конституция ел тұрғындары үшін барлық салада оң болады. Бұл құжат экономиканың дамуына, әлеуметтік саясаттың тиімді жүргізілуіне, білім мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттыруға, сондай-ақ азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Баймырза Қожамберліұлы.
Кездесу барысында қатысушыларға Конституция жобасында қарастырылған негізгі қағидаттар, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер, азаматтық қоғамның рөлін күшейту мәселелері кеңінен түсіндірілді. Әйелдер кеңесінің мүшелері өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Шара соңында ұйымдастырушылар тұрғындарды ел болашағы үшін маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды.







