Өнер іздеген өсер
Сәрсенбі күні аудандық мәдениет үйінде «Асабамысың, асаба» атты аудандық асабалар байқауы өтті. Шараны тілдерді дамыту және мәдениет бөліміне қарасты Ақмая ауылдық клуб үйі ұйымдастырды.
«Той дегенде қу бас домалайды» деген қазақтың әр күні той томалақпен өтеді. Ал, осы тойдың көркін келтіретін де кетіретін де асаба. Сондай-ақ, той бастар асаба жайлы халық арасында түрлі пікірлер де қалыптасып келеді. Күлдірем деп бүлдіретіндердің жөні бір бөлек. Осындай ой ауандарын өзгертіп, той басқарушылардың мәдениет пен салт-дәстүрді қаншалықты жетік білетінін аңғару үшін ұйымдастырылған шараға 9 ауылдың асабалары қатысты.
Ұшқыр ой, ұтқыр сөз, жарасымды әзіл-қалжыңымен түрлі деңгейдегі тойларды басқарып жүрген сайысқа қатысушылар «Тойбастар», «Әзіл әлемі», «Ширату» сынды кезеңдерде бақ сынады. Шараны «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Шаймерденқызы ашып берді. Жалпы, асаба – өнер адамы. Ол халық алдында сөйлеуге шебер, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп айтатын, жиналған жұрттың назарын өзіне аудара білетін, әзілі өтімді, сөзі сүбелі, мәдениетті тұлға. Осы оқуы жоқ маман иелеріне әділ бағасын берген Ақмая ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ө.Исмаил, «Ноғайбаевтар» отбасылық ансамблінің жетекшісі Ә.Ноғайбаев байқауға қатысушыларды жүлделі орындармен марапаттады.
Жүлделі бірінші орын Досбол ауылының асабасы Т.Жұмабайұлына, екінші орын бидайкөлдік Қ.Түгелбаевқа, үшінші орын Жиделіарық ауылының асабасы Р.Жолтаевқа бұйырды.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.