ӨНЕРПАЗЫН МӘПЕЛЕГЕН ЖЫР ЕЛІ
Өнер сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің қашанда мәртебесі жоғары болатынын Елбасы айтып келеді. Бұрынғы Ақан сері, Біржан сал, Естай мен Кененнен бастап, берідегі Шәмші Қалдаяқов, Сейдолла Бәйтереков, Нұрғиса Тілендиев, облысымыздан шыққан Кеңес Дүйсекеев, Рамазан Тайманов сынды еліне жыр болып төгіліп, ән болып өрілген күйші-сазгерлерге кенде емеспіз. Жүрегінен шыққан әні бүкіл қазақ жұртын баурап, халық жатқа айтып жүрген Әлмырза Ноғайбаев, Сейтімхан Аймаханов, Өркен Исмаил, Кенжебай Жүсіп, Алмат Қалекеев сияқты өнер майталмандары ауданымыздың мақтанышына айналған.
Бүгінде аудан деңгейіндегі барлық мәдени шара тек жергілікті өнерпаздардың ғана қатысуымен өтіп жүр. Бұл сырттан шақыртылатын әншілерді қаламағаннан емес, өзіміздегі мәдениет саласының әлеуеті артқандығының көрінісі. Соңғы уақытта облыстық, республикалық байқауларда да алдыңғы қатардан көрініп, аудан мерейін үстем етіп жүрген де осы жергілікті өнерпаздар.
Осы орайда, Шиелі ауданының 90 жылдығына арнап жергілікті композиторлардың «Жүректің шерттім пернесін» атты ән кеші өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруы аясында өткен кеште елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген жергілікті композиторлардың әндері шырқалды.
Шара барысында сөз алған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жергілікті өнерпаздардың жоғары деңгейде жұмыс жасап жатқанын мақтан тұтып, алғаш өткізіліп отырған бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім білдірді. Сондай-ақ, аудан басшысы өзі өмірден өтсе де, артында өшестей өнері қалған Дәулетбек Байдрахманов, Әлімхан Оспанов, Зәкір Жақыпов, Алтай Айып сынды арыстардың жақындарына сый-сияпатын табыстады. Одан әрі өнер саласында өзіндік орны бар бірқатар тұлғалар «Шиелі ауданының – 90 жылдығы» мерекелік медалі және алғыс хатпен марапатталды. Шығармашылық кешті ақын, мәдениет қайраткері Өркен Исмаил жүргізіп отырды.
Әуенді кеште жанды дауыспен шырқалған аудан композиторларының жиырмадан аса әндері мен күйшілердің күмбірлеген күйлері тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.