ЖЫРЛАСА, ЖАСТАР ЖЫРЛАСЫН
Биылғы жыл «Жастар жылы» екені баршамызға белгілі. Өткен жылдың соңында Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тың серпін бергені анық. Мақалаға орай, елімізде ауқымды жұмыстар қолға алынып, нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. Сондай айтулы маңызды шараның бірі – «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Жастар жылына орай «Жырласа, жастар жырласын» атты Республикалық дәстүрлі әнші-жыршылардың фестивалі. Фестивальге Алматы, Нұр-сұлтан, Павлодар, Қызылорда қалаларынан келген жыршы-термешілер қатысты.
Қазақтың қазақ екенін танытатын дәстүрлі өнері – дәстүрлі әні, күйі, жыры, термесі. Ал, дәстүрлі ән ұлтыңды, ұлттық болмысыңды көрсетеді, әйгілейді. Шетелдіктер қызығатын, әннің құдіреті де осында. Дәстүрлі өнердің қаймағы саналатын қазақтың ән өнері – халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы. Бүгінде рухани жәдігерлердің ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейірімін, ізденісі мен махаббатын, іңкәр ықыласын бүгінгі ұрпағымызға жеткізетін де осындай дәстүрлі жыршы - термешілер.
Фестивальде Нартайдың әнімен ашылған сахна шымылдығы көрерменін бірден баурап әкетті. Бірінен соң бірі орындалған жыр-терме тыңдаушысын бей-жай қалдырмады. Дүлдүлдеріміздің туындыларын нақышына келтіре орындап, құлақ құрышын қандырған өнерпаздардың өнерін жұртшылық екі сағат бойы тапжылмай тыңдап, рухани күш-қуат алды.Еліміздің әр өңірінің өзіне ғана тән орындау шеберлігін келістіре жеткізе отырып, көпшілік қауымның сұрауымен «Молдабай», т.б. бірнеше ән орындаған Марат Сүгірбайды көрермені сағынып қалғаны көрініп-ақ тұрды. Бұл кеш көрермендерге жақсы әсер қалдырды. Кеш соңы өнерпаздарға арнайы диплом мен қаржылай сый-сияпат табыстаумен аяқталды.
Е.ДАТКЕНОВ.