ШИЕЛІ АУДАНЫНДА КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ РЕТІНДЕ САЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕСІ ТӨМЕНДЕТІЛДІ
Келесі жылдан бастап елімізде салық салу жүйесін түбегейлі реформалауды көздейтін жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Яғни, 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізудің жаңа ережелері енгізіледі. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы оңайлатылған декларация негізінде арнайы төлем мөлшерін төмендету туралы бастама көтерген еді. Бұл бастама кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға бағытталған және әр өңірдегі мәслихат шешіміне сәйкес жүзеге асады.Осы бастаманың жалғасы ретінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс 36-сессиясы мәслихат төрағасы Тұрабаев Мұрат Өскенбайұлының төрағалығымен өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі А. Жандарбеков, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаттары, мәслихат аппараты, аудандық бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде бес маңызды мәселе қаралды, соның ішінде Шиелі ауданы бойынша оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін төмендету мәселесі де қаралды. Аудан бойынша оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету шешімі шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған маңызды әрі уақытылы қадам болып табылады.
Жеке кәсіпкерлер аудандағы салық мөлшерлемесінің төмендетілуін алдағы жұмыстарына үлкен көмек деп бағалап, алғыстарын білдірді. Сессия соңында депутаттардың дауыс беру нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданды. Осылайша, «AMANAT» партиясының шағын және орта бизнесті қолдау мақсатындағы бастамасы Шиелі ауданында толықтай қолдау тапты.







