Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Иппотерапия: жанға дауа, денеге қуат

Иппотерапия: жанға дауа, денеге қуат

Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – халық денсаулығын жақсарту және туризм саласын дамыту. Әлемде медициналық-әлеуметтік бағыттағы тың әдістер мен ерекше қызмет түрлеріне деген қызығушылық артып келеді. Солардың ішінде ең ерекше сала – иппотерапия, яғни ежелгі медицина мен туризмді тоғыстырған ғажайып бағыт.
 Иппотерапия – атқа міну арқылы адамның жан тыныштығын, тән саулығын қалпына келтіруге көмектесетін әдіс. Бүгінде дамыған елдерде бұл тәсіл балалар мен ересектердің жүйке жүйесі ауруларын емдеуде кеңінен қолданылып келеді. Ал атқа міну арқылы емдеу – қазақтың да ертеден келе жатқан табиғи ем-шараларының бірі.
Қазақ халқының жылқымен біте қайнасқан тіршілігі, жылқы шаруашылығымен байланысы – біздің ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Сондықтан ат спорты мен ат туризмі тек денсаулықты нығайтудың жолы ғана емес, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сақтаудың, экотуризмді дамытудың таптырмас тетігі.
Қазір иппотерапия орталықтарының аз болуы – үлкен мәселе. Өйткені бұл қызмет түріне мұқтаж адамдар өте көп, ал сұраныс жыл сайын артып келеді. Демек, иппотерапия ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Ауылдық жерлерде бұл жаңа бағыт шаруашылықпен айналысып отырған халыққа тың серпін беріп, шағын бизнестің дамуына да жол ашар еді. Сонымен қатар иппотерапия жобалары көптеген адамды жұмыспен қамтып, жаңа әлеуметтік бағыт қалыптастырады.
Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары үшін иппотерапия – үміт сыйлар балама жол. Бүгінгі таңда жүйке жүйесінде ауытқулары бар балалар саны артып келеді. Осы мәселені назарға ала отырып, көптеген мамандар ем-шара ретінде ең алдымен иппотерапияны ұсынады. Себебі адам ат үстінде тек жүйке жүйесін ғана емес, психологиялық күйзелістерін де жеңілдетеді, бойына еркіндік пен күш жинайды.
Тоқ етері, иппотерапия – тек туризм бағыты емес, сонымен қатар медициналық дамудың жаңа тынысы. Бұл саланың ғылыми да, практикалық та маңызы зор. Денсаулықты жақсарту, ұлттық мұраны сақтау және экономиканы дамыту – осының бәрі иппотерапия мүмкіндігімен астасып жатыр.
                                                  №159 «Еңбекші» орта мектебінің
                                                             10-сынып оқушысы Ақниет Сүлеймен
25 қараша 2025 ж. 37 0