Атқа міну – асыл өнер
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық өнерімізді, дәстүрімізді кеңінен насихаттады. Атқа міну мәдениетін елдің есіне салып, темір тұлпарды ғана тізгіндейтін жандарға тура бағытталғандай. «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде ерекше күштің иесіне айналды. Шапқан аттың үстінен садақ тартудың шебері болған» деген Елбасының сөзін басты назарда ұстауымыз керек. Бейбітшілік заманда оқ атпасақ та, жеті қазынаның бірі, сұлу жануарға міну мәдениетін жетілдіруіміз қажет. Ата-бабамыз сәйгүлікті қастерлеп, қадірлеп, ерекше құрметтегені мәлім. Қазақтың тағдыры ежелден жылқы малымен біте қайнасқан. Мінсе көлік, жесе тағам, жаугершілік заманда ердің қанатына айналған да дәл осы жылқы. Оны асырап бағу бір бөлек, міну мәдениеті бір бөлек. Азуы қарыс хандар да, ажары айдай ханшалар да бұл өнер түрінен шет қалмағанын тарихтан аңғара аламыз. «Тайота» ғана емес, Тайбурылға мінуді үйренсек артықтық етпейді. Аталған мақалада айтылған ойлармен толықтай келісіп, мен де жылқының жалынан сыйпап, атқа міну мәдениетін қолға алдым. Біріншіден, атқа мінудің денсаулыққа пайдасы зор болса, екіншіден, рухани жаңғырудың озық үлгісі іспетті. Технология заманына ергенімізбен, тарихымыз бен тектілігімізді ұмытпайық.
Рахат Қалкөзов,
Жиделіарық ауылдық клуб меңгерушісі.