Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқы жалындағы ғұмыр

Жылқы жалындағы ғұмыр


«Жаман жегенін айтар, жақсы көргенін айтар». Бұл мақалдың мәні зор. Көргені мен білгенін кейінгіге өнеге етіп қалдыру, жастарға жаңылмайтын бағыт ұсынумен тең. Тақырыбы таңырқатпай қоймайтын Әуесхан Қыдырбай жайлы жазылған «Жылқы жалындағы ғұмыр» атты кітапты аудандық кітапханаға кейіпкер өз қолымен тарту етті. Рухани жаңғырудың керемет көрінісі емес пе?
Телефонға телмірген заманда кітап жазу былай тұрсын, кітап оқитын адамды сирек кездестіресің. Буаз биенің ішіндегі құлынды жаңылмай танитын сыншы халықпыз. Ежелден тағдырымыз жылқы малымен біте-қайнасқан. Дегенмен, осы күні сәйгүлікті цирктен ғана көретіндер де бар. Ауданымыздың белді атбегісі, шабандозы, талай жыл жылқы бағып, қыр-сырын жетік меңгерген Әуесхан қарт жайлы жазылған бұл кітап, таптырмас қазына іспетті. Қазіргі таңда «Қобыланды батыр» жырын жаттап, Құртқаның образына енетін жандар жоқтың қасы. Тайотаға мінгендер Тайбурылды білмейтін де шығар. Ақын Өміржан Көпбосынов айтыстағы бір қайырымында:
«Кешегі атқа мінген бабаларым,
Ұрпағым деген жоқ қой шыбық
мінсін.
Джипке мініп шіренген жас
буындар,
Күлдір-күлдір кісінетіп күлік мінсін.
Велосипед мінгенше кей ағалар,
Белдерін бесті айғырмен
шынықтырсын.
Сары су, қара суға құмартқанша,
Саумалменен таңдайын жібіттірсін» деп рухани жаңғырудың нағыз үлгісін насихаттаған болатын.
Кітапхана ұжымы Әуесхан қартты қуана қарсы алды. Кітапханашы Гүлзада Серікбаева: «Жылқы малы жайында кітап сұраушылар көп. Сөремізде Түркіменстан басшысының жылқы жайлы жазған екі-ақ кітабы бар. Біздің жазушылар осы тақырыпта қашан жазады екен деп ойлап жүргенмін. Алдағы уақытта оқырмандарды осы кітапты оқуға шақырамын» – деп, қуаныштан төбесі көкке жеткендей болды. Кітапхана басшысы Гүлдана Жақыпова Әуесхан ақсақалға үлкен алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Айта кету керек, аталған кітаптың авторы С.Алдашбаев. Атсейіс Ә.Қыдырбаевтың өнегелі өмір жолы көркем тілмен жаттық жеткізілген.

Бекжан Ержігіт.
11 қазан 2018 ж. 1 495 0