Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АТ ЕРТТЕУ – ЕРДІҢ ІСІ

АТ ЕРТТЕУ – ЕРДІҢ ІСІ



Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деген болатын. Ата-бабамыздан жеткен рухани құндылықтарымыздың заман ағымына қарай жаңғыруы жөн шығар. Алайда, асыра сілтеп, ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырып жатқан жоқпыз ба? Осы орайда жылқы жалында ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздан жеткен ат ерттеу жайын сөз етпекпіз. Өйткені, бұл да ұлттық тәрбие ғой.Қай қазақ болмасын баласы ер жетіп, буыны бекісе «Балам ер жетті, ат жалын тартып мінер азамат болды» деп, төбесі көкке жетердей қуанады. Тіпті, бұрынғының бай-бағландары осы бір айтулы кезеңді баласы үшін үлкен той қылып өткерген.
Сол ата дәстүрді берік ұстанған дана қазақтың ұрпағымыз. Біз осы орайда, дәстүрді берік ұстанған халқымыздың бала өмірінің әр кезеңін тәрбиемен ұштастыра білгенін айтқымыз келеді. Мәселен, үлкендер баланы алдымен атқа мінгізіп, тақымын қатайтуға күш салған. Яғни, ер бала кішкентай кезінен-ақ, жылқы жануарымен жақсы дос болып, оны өскеннен соң да өзіне сенімді серік еткен.
Біздің өзімізге бала күнімізде атамыз үйір ішінен бір тайды көрсетіп, «Сол сенің атың болады» деп, еншілеп беруші еді. Бала көңілмен сол тайды бас білдіріп, тұяғымен жер тарпып, шапшығанын қызық көретінбіз. Уақыт өте мініске жараған соң да, сол жылқыны өзімізге жақын тарттық. Сонымен қатар, көненің көзі саналаған қарияларымыз балаларына немесе немерелеріне шақтап, арнайлып ер-тұрман дайындатқан. Қазақта бала мінетін ерді «Ашамай» дейді. Міне, сол ашамай да бізге ер жетемін дегенше, талай жыл серік болды.
Жалпы, бұрындары ер жігітке ат-әбзелдерін білмеу үлкен сын болған. Сондықтан, әрбір қазақ баласы өзінің ізін басар ұрпағына атқа мініп үйренбестен бұрын, оны қалай еріттеу керектігін, ер-тұрманның бұйымдарын қалай пайдалану қажеттігін ең алдымен үйретіп отырған.
Біз бұл мәселені көтеруіміздің себебі, жақында болған бір басқосуда көпке ортақ қойылған сұрақтың жауапсыз қалуы-тұғын. Сол отырыста ағаларымыздың бірі етек жақта отырған бірнеше жас жігіттерге «Балаларым, сендер ат еріттей білесіңдер ме?», - деп сұраулы үнмен тіл қатты.
Кенет жастар жағында айтылып жатқан гу-гу әңгіменің даусы тынды да қалды. Бұл сұраққа жауап таппай қиналған балалар сол мезетте не айтарын білмей абдырады. Шындығында, біз осы сынды кемшіліктеріміз арқылы ұятты жағдайға жиі душар болып келе жатқандаймыз. Неге десеңіз, қазіргі бала сол ата-бабасының қолданған бұйымының атауын білгенмен, ары қарай тарқатып айта алмайтын болып барады. Басқасын айтпағанда, қазіргі жастардың көбі атты еріттей білуі былай тұрсын, оған салынатын жүгеннің, тоқымның не екенін білмей жатады. Енді біз атты еріттеу жайында аз-кем ақпар айта кетсек.
Атты алдымен еріттемес бұрын, оның басына жүген кигізіледі. Мұны бірінші болып кигізуіміздің себебі, кейбір мініс аттар асау болады. Яғни, жүген салмай ерттей бастасаң тепсініп, сес көрсетіп еріттеуге мұрша бермейді. Ал, жүген бірінші болып салынған соң, әлгі сауырын сипаттайтын аттар қойдан жуас болып тұра қалады. Мұнан соң, аттың арқасына терлік салынады. Бұл терді бойына тартып алып тұратын, жұмсақ матадан жасалатынын білген жөн. Сосын аттың арқасына ер батпас үшін бірнеше тоқым салынады. Бұл зат әдетте қазақы киізден немесе қалың матадан жасалады. Одан соң барып ер тайқымас үшін жона салынады. Бұл да қалың теріден арнайы дайындалады. Артынша, аттың арқасына ер орналастырылады. Сол ерді бірінші бекіту үшін аттың төс тұсынан тартпа тартылып, ізе-шала ер үстіне жастық (бөстек) төселеді. Сол жастықтың үстіне аттың шап тұсына қарай тағы бір тартпа тартылады. Кейбір шағын қазақы ерлерде бір қана тартпа тартылып жатады. Алайда, көп жағдайда атқа екі тартпаны да тартқан. Өйткені, атпен келе жатып оқыс қимыл орын алған жағдайда ат үстінен ері ауып кетпеске әлгі тартпалар көп көмегін тигізеді. Сонымен қатар, ат әбзелдерінің қатарында құйысқан, қамшы, ноқта сынды заттар бар. Бұлардың да мейлінше ат әбзелімен бірге болғаны дұрыс. Біз өмірде жиі көріп, қолымызға ұстап жүретін қамшының өзінде үлкен мән, өмірлік ұғым жатыр.
Бабаларымыз осы бес күндік жалғанды қамшының сабына теңеуі де бекер емес. Одан бөлек, ат ер қанатына айналған ерте замандарда ата-бабаларымыз үйге келген қонақтың қамшы ұстауына қарап-ақ, оның ойындағысын ұғынып отырған. Мәселен, үйге түскен қонақ қолындағы қамшысын есік аузына іле келсе оның асығыс екенін, үйге көп бөгелмейтінін ұққан. Ал, қамшыны өзімен бірге ішке ала кіріп, отырған жеріне тастаса оның ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып келе жатқанын айтқызбай-ақ байқаған. Тиісінше, қонағына қалай құрмет көрсетуі керектігін білген. Міне, осындай көреген халықтың ат әбзелдерін қалай пайдаланғанынан-ақ, көп нәрсе аңғара аламыз.
Иә, өмірі аттың жалында, түйенің қоңында өткен қазаққа ат еріттей білуді үйретейін деген ойдан аулақпыз. Тек бүгініне қарап, кешегісін ұмытып бара жатқан қазіргі жас буынның қаперінде жүрсе дейміз. Қалай дегенмен, ұлы даланың төсінде атой салып, атқа шапқан текті халықтың ұрпағымыз ғой. Сондықтан, көпшілік ортада қарапайым дүниені білмей, ұятты жағдайға қалмасақ екен.

А.АМАНОВ,
Арал ауданы

28 шілде 2018 ж. 1 917 0