Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәсіре салты бәсекелестікті көтермейді

Бәсіре салты бәсекелестікті көтермейді


Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тиымға бай халықпыз. Осы әрбір ұлттық құндылықтарымыздың астарында ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі жатыр. Шаңыраққа тұлымды ұл келсе, ата-бабамыз сол күндері туған құлынды немесе тайды нәрестенің бәсіресі деп атайтын болған. Бұл дәстүрді бүгін бірі білсе, біріне таңсық.
Иә, бұл ғұрыпты көнекөздер болмаса, жастар біле бермейді. Ұмытылуға айналған дәстүрлеріміздің ішінен «бәсірені» бөліп алып отырғанымыздың өз мәні бар. Оған сәлден кейін тоқталамыз. Бәсіре – ер бала ат жалын тартып мінуге жараған кезде ата-анасының немесе нағашыларының мінгізетін тайы. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні зор. Меншігіне тиген тайын бала өзі күтіп, баптап жүріп өзіне үлкен жауапкершілік артылғанын сезініп, шаруаға бейімделеді. Сондай-ақ, бәсіре дәстүрі бала денсаулығын да шыңдап, физикалық тұрғыдан мықты болып өсіп-жетілуіне септігін тигізеді. Кішкентайынан ат үстінде отырып, буынын бекітіп, дене тұлғасын түзейді. Бәсіре тайын ешкімге бермейді, сатпайды, сойып жемейді.
Ал, енді бәсіре сыйдың салмағына тоқталар болсақ, баланы жастайынан еңбекке баулудың бірден-бір жолы. Еншісіне тиген тайды баптап, өсіру бала үшін де қызықты. Ата-ананың сыйға тартқан бәсіресі өсіп келе жатқан жеткіншекті болашаққа, жақсы күндерге апаратын көлігі, қанаты болсын деген жақсы ырымы. «Бәйгеге салса жүлдесі, додаға түссе қайраты, тойға барса мақтанышы, жауға шапса сенімді серігі, әрі қаруы болсын» дейтін ұлы тілегі. Алайда, бәсекелестіктің бағындырмаған белесі қалмады деуге болады. Көбіне төркіндеп барған қыздың сәбиіне нағашы жұрты бәсіре сыйдың ең қымбатын беруге әуестеніп кетті. Тай орнына темір тұлпар мінгізіп, доллар ұстату, депозит ашып беру сынды заманауи сыйлыққа көшкен. Расында, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деген болатын. Ата-бабамыздан жеткен рухани құндылықтарымыздың заман ағымына қарай жаңғыруы жөн шығар. Алайда, асыра сілтеп, ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырып жатқан жоқпыз ба?
«Қатарынан кем қылмайын» – деген ата-ана әсте баласына жамандық ойламайды. Ең жақсысын алып, ең тәттісін аузына салғысы кеп тұратыны жасырын емес. Өнегелі, өнерлі ұрпақтың өсіп-өнуі тәрбиеден. Ал, тәрбиенің бастау бұлағы – салт-дәстүр, әдет-ғұрып екені аян. Оны бұрмалап, тай орнына темір тұлпардың тізгінін ұстатқаннан кім ұтпақ? Бәйге шауып, көкпар тартпаған қазақ баласының өмірде алға ұмтылуы, жеңіске жетуге деген құлшынысы қайдан оянсын?
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
25 шілде 2018 ж. 3 507 0