Пай-пай қазақтың келіндері-ай!
Мамыр айының 22 жұлдызында аудандық тілдерді дамыту бөлімі, облыстық жастар ресурстық орталығының қолдауымен Бидайкөл ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған «Үздік жас келін-2018» атты аудандық келіндер сайысы өтті.
«Қызым – келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп ұрпағынан жақсылық күтетін халықпыз. «Қыз бала – жатжұрттық» дегенді де атам қазақ бекерге айтпаған. Қазақ отбасының нағыз ұйытқысы – келін. Дана халқымыз ертеден ене мен келін қатынасына аса жоғары көңіл бөліп, оған аса байыппен қараған. Ата-анасынан көрген тәрбиесінің арқасында қайын жұртының ықыласы мен алғысына бөленіп жүрген келіндер қазір де бар. Осы ақ жаулықты аналарымыздың ізін жалғар жас келіндерге арналған байқаудың мақсаты – салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты тереңнен түсіндіру.
Ауданның 13 ауылынан келген сайысқа қатысушыларға облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Бағлан Қалиев, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айдана Маманова, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гауһар Құлқараева қазылық етті. Ибалылық пен тәрбиеліктің асыл үлгісін көрсетіп үлкенді сыйлап, кішіні бауырына тартып, үй ішіндегі барлық жағдайды түсіне білген асыл келіндеріміздің өнерін паш ететін «Үздік жас келін-2018» байқауының қорытындысы бойынша сұлутөбелік Бибінұр Тыныштықбай мен Жөлек ауылынан Гүлбақыт Мурсалиева үшінші орын, 1-Май ауылының келіні Күләйхан Ибраева екінші орын және Алғабас ауылының келіні Гүлназ Нарқұлова бірінші орынды иемденді. Ал, бас жүлде әріптесіміз ақмаялық Гүлнәр Дүйсебаеваға бұйырды.
Гүлхан ЯХИЯЕВА.