Шаңырақтың шырағы
Қазақ отбасында келіннің көтерер жүгі қашан да салмақты болған. Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік. Ағайын-туманың ортасында берекесін асырып, жаманын жасырып, жақсылығын елге паш ететін де – бір өзі. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайын інілермен тіл табысу да шеберлікті қажет етеді. Бір әулетке келін болған жан бір отбасының әлпештеп өсірген аяулы қызы. Өскен-өнген жері қандай болса, алған тәрбиесі, көрген өнегесі де сондай болмақ.
Келіннің жаңа жерге келуі, сол ортаға үйренісуі, көп жағдайда, сол үйдің мүшелеріне де байланысты. Келгеннен-ақ құшақ жая қарсы алып, оң қабақ танытып, білместігіне кешіріммен қарайтын болса, ол келіннің барған босағасына сіңіп кетуіне негіз болады. Өзінің өмірлік тәжірибесі, көрегенділігімен жас келінге үлгі болар ененің де үйретер тәлім-тәрбиесі мол болмақ. Ене мен келін арасы бір-біріне деген құрметпен өрілуі керек. Қыз баланы «ертеңгі күнгі – келін, ерін сыйлар – адал жар, ана, ақыл айтар – жеңге, тату болар абысын» деп ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта білу де оңай іс емес.
Осы орайда, аптаның аяғын ала «Келін тәрбиесі – киелі тәрбие» тақырыбында «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының мәжіліс залында кездесу өтті. Мұндағы мақсат – жас келіндердің отбасылық өмірге бейімделуіне, отбасы құндылықтарының маңыздылығын түсіндіруге, жанұяда ер адам мен әйел адамның рөлін ұғындыру болды. Жиынға әйелдер кеңесінің төрайымдары мен жас келіндер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынның алғысөзін алған «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айдана Маманова шараның мән-маңызына тоқталып, кездесу қонақтарын көпке таныстырды. Еркін форматтағы өткен аталмыш жиынның шымылдығы түрілісімен-ақ, қызу әңгіме басталып кетті.
«Бидайкөл» ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Назарбекова, «Жуантөбе» ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Айжамал Әбдіхамитқызы, «Төңкеріс» ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Фатима Даниярова есімді ақ жаулықты аналар өз өмірлерімен сабақтастыра отырып, тақырыпқа тұздық болар мысалдарымен бөлісті. Тақырып аясындағы толғандырар мәселелерін де жеткізіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды. Бүгінде үйленуге асыққан жастардың дені тез ажырасып кетіп жатқандығы, оның негізгі себептері жөнінде тереңнен қаузалды. Алғаш босаға аттаған жылдарындағы кездескен қиыншылықтары мен қызықты оқиғалары кездесудің мазмұнын айшықтай түскендей.
Сөйтіп, керемет тақырыптың тиегін ағытқан жылы жүздесу, шектеулі уақыт шеңберіне сыймай өз мәресіне жетті. Иә, келінді қызындай көріп, енесін анасындай көретін ұлағатты қарым-қатынасымыз ғасырлар бойы жалғасып, киелі босағаның берік, шаңырақтың шайқалмауына негіз болып келді. Бұл дәстүр бабалар дүниетанымына, салт-санасына сай қалыптасқан болуы керек. Дәстүрлі тәрбие мектебі осылайша жалғаса бермек.
Дина ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ.