Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ат тергеу – келін әдебі

Ат тергеу – келін әдебі


Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай ел. Тек қазақ емес, қай халықты алсақ та өзіне тән әдет-ғұрпы, жөн-жоралғысы, тұрмыс-тіршілігі болады. Сондай-ақ, өздеріне тән дәстүрлерінен сол елдің мәдениетін де аңғарасың. Ал, сөзге бай қазақ халқының ұлттық дәстүрі – ат тергеу бүгінгі күні ұмыт қалып бара жатқан сыңайлы. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Ұлт дәстүрі бойынша келіндер атасының, қайынаға, қайынсіңлісінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып «мырза қайынаға», «бай атам», «би атам», «жалқы бала», «тентегім», «еркем», әйел болса «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөзім» деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя білген. Мәселен, тапалды «сұңғағым», жайбасарды «жүйрігім» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Яғни, адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргендік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі деуге болады. Бұл дәстүрдің отбасы беріктігі мен шаңырақтағы сыйластықты арттырудағы орны ерекше. Жаңа түскен келіннің тапқырлығы мен сөзге шешендігін де байқатады. Мысалы, халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: Бір келіншек жайлаудағы малдарға қасқыр шапқанын көріп «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер!», – депті. Сөйтсе, ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайынағаларының атын атай алмай, дер кезінде сөз тауып кеткен көрінеді.
Расымен де, үлкеннің атын атау құлаққа түрпідей тиеді. Ал, ат тергеу немесе табу салты жастардың жарасымды өмір сүруіне сеп болады. Ата-енесін сыйлап, үлкенді де кішіні де сыпайы түрде асқа шақырса, бүгінгі таңда ене мен келіннің шайқасы орын алмас па еді? Келін үшін дастарқан басында сіз-біздесіп, жарасымды әңгіме өрбітуге де қолайлы. Сондай-ақ, ажырасудың ауылы да алшақтай түседі. Заман дамыған сайын жаңашылдыққа бой ұрып, бұрынғының салт-дәстүрінен қол үзіп бара жатырмыз. Сананы жаңғырту – әдет-ғұрпыңды ұмыту емес. Керісінше сый-құрметіңді арттырып, отбасыңды біріктіріп, мәдениетіңді қалыптастыратын рухани азық деуге болады.
Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адас­тырмас сара жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада үлкендер жастарға үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
24 ақпан 2018 ж. 4 668 0