Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құндылық – рухани жаңғырудың кепілі

Ұлттық құндылық – рухани жаңғырудың кепілі

Әрбір халықтың өзінің бойында атадан балаға ұласып келе жатқан, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, күнделікті тыныс-тіршілікте қоғамның дамуында айқын көрініс беріп келе жатқан, тек сол ұлттың өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары болады. Қазақ халқының ең үлкен тарихи құндылығы ол Отан сүйгіштігі, қазақтың осы қасиетін ұлттық патриотизмі деуге болады. Ұлттық патриотизм туған жерін, елін сүюден, өз ұлтын шексіз қадірлеуден, құрметтеуден тұрады. Қазақтың бойында қалыптасқан осы дәстүрлер атадан балаға қалып келе жатқан ұлттық ерекшелік, ұлттық дәстүр деп айтуға да болады. Себебі, біздің жерімізді мекендеген бізге дейін өмір сүрген ата-бабаларымыздың бойында да осы ұлы қасиеттің болуының арқасында. Осы ұлан-ғайыр даланы ұрпағына сақтап қалу үшін жан беріп, қан төккен бабалар ерлігін ұлы дала патриотизмі деуге болады. Осы тайпалардың, халықтардың қазақ жерін мекендеген біздің ата-бабаларымыз екендігі түрлі тарихи дәлелдермен негізделген тұжырым. Оның ең соңғы дәлелі Ақмола қаласының атауы ғұн тілінде екен. Ғұн тілінде «ақ» – батыс, «мола» – қамал деген сөз екен. Сонда Ақмола қаласы ғұн мемлекетінің батыстағы қамалы болған екендігі даусыз.
Ал енді, осы қазақтың ұлан-ғайыр даласын мекендеп, оны жан-тәнімен қорғап ұрпағына қалдырған ата-бабамыздың асыл қасиеті отансүйгіштік, елін, халқын қадірлеу әрбір қазақтың бойында болғанын келешек ұрпақ санасында жаңғырғанын қазақтың мәңгілік ел болғанын тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Назарбаев та армандайды, өзінің «Тәуелсіздік дәуірі», «Үшқоңыр» деген шығармаларында ішкі толғанысын сездіреді. «Үшқоңыр» деген кітабында: «Көптеген елдерді араладым. Бірақ бәрі өзім туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған «Үшқоңыр» төбесіне жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы осында екен...» деген сөзі бүгін туған жер туралы толғаныстардың, оны сүюдің, ұлттық патриотизмнің нағыз бастаушысы, насихаттаушысы емес пе! Елбасымыздың осы азғантай тұжырымдамасынан біздер аға буын да, жастар да үлгі алуымыз керек сияқты. Өйткені, қазақты ұлт ретінде талай қиыншылықтардан атап айтқанда, алысқа бармай-ақ кешегі қазан төңкерісінен кейінгі қазақты, біздің ұлан-ғайыр жерімізді, байлығымызды иемдену үшін жойып жібергісі келіп қолдан жасалған 1921, 1932 жылғы ашаршылық, 1938-1939 жылдардағы сталиндік репрессия, Голощекиннің қолымен жасалған Қазақстандағы «Кіші октябрь» төңкерісінен аман сақтап қалған қазақтың ұлттық рухы, отансүйгіштігі, өлермендігі, қайсарлығы, батырлығы болды.
Қазақ халқы өзінің бойындағы ұлттық рухын, ұлттық патриотизмін кейінгі 1418 күнге созылған адамзат баласының тарихында ең жойқын соғыс 28 млн. адамның өмірін жалмаған 1941-1945 жыл­дардағы екінші дүниежүзілік соғыста да 15 рес­публиканың ортақ отаны КСРО-ны өз отан­ым деп ортақ отанға деген сүйіспеншілігін, отансүйгіштігін көрсете білді. Біздің батыр ұлымыз Сұлтан Баймағамбетов кеудесін от шашып, өлім сеуіп тұрған пулеметтің аузына тосса, батыр ұшқыш ұлымыз Нұркен Әбдіров өзінің оқ тиіп жанып келе жатқан ұшағын жау колоннасының үстіне құлатып, өзі мерт болумен бірге қаншама фашистерді жер жастандырды.
Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты қыздарымыз да ерлік көрсетіп «Кеңес одағының батыры» атағын алды. Әрине, қыздарымыздың бойындағы отансүйгіштік қасиет те ғасырлар бойы қалыптасқан апаларының ұлттық патриотизмінің заңды жалғасы деуге болады. Қазақ әйелдері ерлермен бірге атқа отырып, егеулі найзасын, қылышын қолына алып жаумен шайқасқан, керек кезінде ханға да қараға ақылшы, серік бола білген. Батыр қыздарымыз туралы сөз қозғағанда Әбілхайыр ханның жұбайы Бопай ханымды, Уәли ханның жұбайы Айғаным, Кенесары ханның қарындасы көзсіз батырлығымен аты шыққан Бопай ханымды еске аламыз. Тіпті қарапайым отбасындағы қазақ әйелдерінің ерлері соғысқа кеткенде егеулі найзасы, ерттеулі аты қасында болып, жаудың ұсақ шолғыншыларынан, жасақтарынан ауылда қалған бала-шағаны яғни қазақ халқының болашағын сақтап қалып отырған.
Қазақ халқының атадан балаға маңызын жоймай жалғасып келе жатқан қадір-қасиетінің бірі бауырмалдық. Бұл қасиетіміз ерекше басқа ұлттарда кездесе бермейтін қазақтың бойында ғана болатын қазаққа ғана тән ұлы қасиет деуге де болады. Қазақ басынан жаугершілік заманды көп өткізген. Туған елін, жерін қорғау үшін аттан түспеген халық. Сондай алапат соғыстың бірінде жау қолында қалып бара жатқан бауырына жүрегі езіліп, өзінің артында келе жатқан баласын түсіріп тастап: – Атасы бірге атқа мін, атасы бөлек аттан түс, – деп баласын өлімге қиып, бауырын ажалдан алып шығу сол бауырмашылдық қасиетіміздің биік шыңы емес пе?!
Қазақ өзінің бауырмалдық қасиетінің арқасында қыздарын қадірлеген. Кешегі қазақтың басындағы ең ауыр кезең жоңғар шапқыншылығы уақытында да қарындасын мәпелеген, ардақтаған халық. Сол кезде туындаған «Елім-ай» өлеңіндегі мына бір жолдар қарындастарымызға деген ыстық ықыласымыздың куәсіндей:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Мөлтілдеген қара көзден жас келеді.
Қарындастарымыз да өздерінің абыройын түсірмей, небір қиын-қыстау кезде де ар-намысын сатпай, жоғарғы парасат биігінен көріне білген. Тіпті ашаршылық кезде де арын сатпай, арын сатқаннан, жау қолына тұтқын болғаннан өлімді артық көрген. Ашаршылық кезінде өлім алдында жатса да:
Алтын, күміс тас екен,
Арпа бидай ас екен.
Ия, Алла, алдым пейіш,
Артым кеніш болса екен, – деп көз жұмған, өлім алдында жатса да ұрпағына, халқына бақытты өмір тілеген. Міне, қыздарымыздың бойындағы асыл қасиеттеріне тәуелсіздік алған жылдардағы уақытша қиындықтарға шыдамай, көлеңке түсіп жатқаны аға ұрпақты ойландырады. Жезөкшелік – қазақ үшін жат құбылыс. Бұл қазақ жігіттерін де ойландыруы тиіс. Жігіт әрбір қызға көз салғанда өзінің қарындасын, қарындасқа деген ұлттық құрметін ойлауы керек. Жігіт өзінің мәрттігімен, биіктігімен нәзік жандылардан биік тұру керек. Солай болған жағдайда қыздарымыздың оң жақта отырып жүкті болуы, дүниеге тірі жетімнің келуі болмас еді, атадан балаға дәстүр болып келе жатқан қарындасымызға деген қамқорлықтан, құрметтен айнымайық.
Қазақтың бауырмалдық қасиетінің бір көрінісі өзгені өзекке теппейтін, көпшіл, қонақжайлық қасиетіміз. Осы құндылығымыз кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңінде қазақ жеріне жер аударылған кәріс, шешен, неміс, т.б. ұлттарды жатырқамай қабылдап, қолымыздағы нанымызды өзімізге жетпей жатса да солармен бөлісіп жеп, аман-есен жеңіс күнін бірге тойлағанымыз ол халықтардың есінен әлі күнге дейін шықпайды. Біздің осы қасиетімізді олар әлі күнге дейін ұмытпайды. Келешек ұрпаққа өсиет, аманат қылады. Осы қонақжайлылығымыздың арқасында қазір тәуелсіз қазақ елі 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктіріп, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.
Қазақтың бойындағы құнын жоймай келе жатқан өміршең қасиеттерінің бірі – қонақжайлылық қасиеті. Қазақ біз үйіміздегі ең тәуір асын қонаққа тартады, өздері жемесе де қонақтың жеп, қонақтың риза болып кеткенін қалайды.
Халқымызда «Көшпес бұрын көршіңді сайла» деген мақал бар. Себебі, бабаларымыз көршісімен тату-тәтті болуды шариғат бойынша құптарлық дүние екенін әуелден білген. Өйткені, көрші туыс­тан да жақын. Тіршілік болғасын өлім бар, қаза да болады. Сондай кезде бірінші болып босағаңа бас сұғатын басқа емес осы көршілер. Бірақ соңғы уақытта үйіміздің айналасын үлкен қамалдықпен көршіміздің кім екенін білмейтіндей жағдайға жеттік.
Біз әдет-ғұрып, салт-санаға бай халықпыз. Мысалы, үлкенді сыйлау, оның сөзін тыңдау, оның алдынан кесіп өтпеу, үлкендер тұрған жерде дарақыланып қатты күлмеу, қоғамдық көлікте болсын, үйде болсын үлкендер кіріп келгенде тұрып орын беру ұлттық дәстүріміздің бір парасы. Біздің атадан балаға жалғасып келе жатқан осы құндылықтарымызға да көлеңке түсе бастаған сияқты. Үлкен ақыл айтса, тіпті өзіміздің ата-анамыздың ақылын жүре тыңдайтын дәрежеге жеттік.
Біздің ұлтымызға тән тағы бір дәстүрдің бірі келіннің үлкенге сәлем салуы. Осындай кереметтей салтымызға кемеңгер Қонаевтай ешкім баға бермеген болар. Д.Қонаев бірде іс-сапармен Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына келіпті. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Назарбеков: – Димеке, сізге арнап өзен жағасына арнайы үй тіккізіп қойдық. Болса да үйде келіннің шәйі дайын ғой деген кезде Қонаев: – Өзеннің жағасын көріп жүрміз ғой. Үйдегі келіннің қолынан шәй ішейік, – депті. Бірінші хатшының әйелінің бетіне сыздауық шығып жүр екен. Үлкен кісіден ұялып, келген кезде екі бетін екі қолымен басып, иіліп сәлем бергені Қонаевқа қатты ұнап: – Ойпырмай, қазақтың келінінің сәлемінен артық инабаттылық жоқ қой,– деп зиялы қауым арасында айтып жүріпті.
Қазақта «құдасын құдайындай сыйлайды» деген сөз бар. Көп нәрсеге құдайды араластыру дұрыстық болмайтын шығар. Бірақ, қазақтың құдасына деген ыстық ықыласын білдіру үшін ең жоғарғы сенімді мысалға алған шығар. Құда күту, оған құдалар бір-біріне жақын болсын деп бауыр беру, жастар үлкендердің көңіліне майдай жақсын деп майды бірге асату ешбір халықта жоқ ұлттық құндылықтың бір парасы.
Қазақтың мықты болып өсуін, ұрпақтың әлжуаз, аурушаң болмауын аталарымыз әріден ғылыми тұжырыммен жеті атаға дейін үйленбеуді ұрпағына аманат еткен. Жақын адамдар бір-біріне үйленсе ұрпақ әлсіреп, әлжуаз, кемтар балалар дүниеге келеді екен. Оны биология ғылымында «инбридинг» деп атайды екен. Қазақ халқының бойындағы батырлық, қайсарлық, мықтылық ата-баба дәстүрімен тұқым қуалап, қанмен келген мықтылық.
Қазақ халқы өте еліктегіш, санамызға кез-келген жаңалықты, бұйрықты, өктемдікті, басымдылықты тез қабылдайтын халықпыз. Осы қасиетіміздің арқасында кешегі 75 жыл кеңес өкіметінің, оның алдында 250 жылдай билеген орыс империясының жүргізген саясатының арқасында көптеген ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалудың аз-ақ алдында тұрмыз. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 26 жыл болса да сол құлдық санадан құтыла алмай келеміз.
Біз азат елміз, біз қазақпыз деп емін-еркін әлі де айта алмай келеміз. Әлі де бір белгісіз күшке үлкеніміз де, кішіміз де жалтақтаймыз. Ойымызды емін-еркін айта алмай, құлдық сана, ақыл-ойымызды, ерік-жігерімізді тұсаулап тастағандай күйдеміз. Соның әсерінен жастар тәрбиесі де ақсап келе жатыр. Өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, енгізуді іске асыра алмай келеміз. Соның әсерінен жастарымыз батысқа, радикалдық діни ағымдардың жетегіне еріп кетуде. Бір жағынан аға ұрпақ та құлдық сананың әсерінен жалтақтап, жастарға өз ойын айта алмай келеді. Мысалы, мен осы ойларымды еріккеннен, ақылымның көптігінен оны басыма сыйғыза алмай жазып жатқаным жоқ. Бірақ, осы ойларым дұрыс па, оны жұртшылық қалай қабылдап жатқанынан бейхабармын. Өйткені, ешкім пікір айтпайды. Жас­тар жағы дұрыс деп, үлкендер бұрыс жерің мынада, оны былай түзеуіміз керек деп пікір айтпайды. Бір жағы мұсылман болған соң, мұсылманның бір міндеті өзің білген нәрсеңді жұртқа пайдасы тиер деп айту міндет болғаннан кейін айтып жатырмын.
Біздің президентіміз де өзінің басынан өткізген тәуелсіз мемлекет құрудың қиындығын айтып, өз ойын халқымен бөлісіп жатқаннан кейін мәңгілік ел болу үшін ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу әрбір азаматтың борышы екендігін еске салып, оны ұрпақ санасында жаңғырту азаматтық парызымыз деп есептеймін.
Әрине, ұлттық құндылықтарымыздың ескіргенін жаңалау, өткенімізді өшірмей барымызды бағамдау бір күнде орнына қоя салатын оңай шаруа емес. Ол елімізде бастау алған рухани жаңғырудың бастауы, шығар шыңы, алынатын қамалы. Рухани жаңғырудың негізгі мақсаты ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, ал ұлттық құндылықтарымыздың жаңғыруы – салт-санамыздың, ақыл-ойымыздың, өміріміздің жаңғыруы екенін еске алсақ ұлттық құндылықтар рухани жаңғыруымыздың кепілі екендігі даусыз.

Есіркеп Шәдібеков.
23 қаңтар 2018 ж. 7 667 0