Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге тағзым

Туған жерге тағзым

Елбасымыздың туған жерді қадірлеу, құрметтеу туралы бастамасынан кейін еліміздің барлық өңірінде «Туған жерге тағзым» атты акция басталып кетті. Жақында аудан әкімі Әшім Оразбекұлының бастамасымен «Туған жерге тағзым» атты акциясы өтті. Оған математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев бастаған бір топ жерлестеріміз келіп, жүрекжарды тілектерін айтты. Акция аясында туған жерімізді түлетуге арналған бірнеше меморандумға қол қойылды. Астанада тұратын жерлесіміз Бегман Қауасұлының «кент орталығынан 250 млн. теңгеге жабық су бассейнін өз қаражатыма саламын, туған жерім Ортақшылдың маңынан 323 га жер алып мал өсіремін, мал бордақылайтын алаң жасаймын» деуі туған жерге деген нағыз сүйіспеншіліктің, құрметтің белгісі болды.

Дүниеде қазақ халқындай туған жерін пір тұтатын, қадірлейтін, сағынатын, сыртта жүрсе де өскен өлкесін аңсап тұратын халық жоқ шығар. Туған жердің әр сүйемі үшін қан төгуден, оны сыртқы жаулардан қорғаудан жанын аямаған батыр халық. Сол батырлығының арқасында қаншама жерді ғасырлар бойы жан беріп, қан төгіп арпалысып, ұлы құл, қызы күң болып бауырынан, баласынан айырылса да сағы сынбай қорғап, ұрпағына тарту етті. Міне бүгінгі таңда сол жердің ен байлығын иеленіп, дүниежүзіне танымал ел болудамыз.
Кейінгі ұрпақ та өздерін осындай бақытты күндерге жетуіне себепші болған бізге бақытты өмір сыйлаған бабаларымызды ұмытпай, жыл сайын ұрпақ санасында жаңғыртып еске аламыз. Биыл да өзінің туған жері Шиелісін жанындай жақсы көретін туған жерінің мақтанышы, қазақтың ғылымының биік тұлғаларының бірі, геология-минерология ғылымдарының докторы Шахмардан Есеновтің 90 жылдық мерейтойын атап өттік.
Халқымыздың туған жерін қадір­леуінен оған деген махаббатынан сыртқы жаулар да сескенген екен. Мен осы Ескендір Зұлқарнайын қазақ жерін шаппай неге бұрылып кеткен деген сұрақтың нақты жауабын таба алмай жүр едім. Әр жерде әртүрлі болжам айтылады. Ақылға қонатын жауабын жақында таптым. Ескендір Зұлқарнайын әскерімен Шу алқабына, қазақтың шекарасына келіп демалған екен. Таңертең ерте тұрса төбенің басында 40 атты әскер тұр. Сонда Ескендірдің ақылшысы: – Қазақ деген батыр халықтың шекарасына келіп тұрмыз. Бұлар өте батыр халық. Туған жерінің әрбір сүйемі үшін жан берісіп, жан алысады. Мынау тұрған қазақ әскерінің таңдаулы қырық батыры. Сен де осыларға қарсы қырық батыр шығар. Егер сенің батырларың жеңсе, бұлар соғыспай беріледі. Олар жеңсе сен соғыспай бұл елді айналып өт, – деген екен. Батырлар жекпе-жегінде қазақ батырлары жеңіп, Ескендір қазақтармен соғыспай бірден айналып өткен деседі. Сол кездегі қазақ әскерін бастаған Шу батырға халық кейін сол жерге Шу батырдың есімін беріпті. Әлі күнге дейін Шу батырдың есімінде үлкен елді мекен, Шу ауданы аталып келеді. Қазақ халқының туған жерін қадірлеп-қастерлейтінін, басқа ұлттың оның ішінде өзімізді 250 жылдай билеп, кешегі кеңес үкіметінің кезінде қамырдай илеген орыс халқы өте жақсы біледі. Осыдан 3-4 жыл бұрын Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты ауылға жолымыз түсіп бардық. Күндегі ерте тұратын әдетіммен таңертең көше бойлап жаяу келе жатсам, бір үйдің ауласында екі әйел біреуі желіні құшақ келетін қара ала сиырды сауса, бірі бие сауып жатыр екен. Қарасам екеуі орыстар сияқты. Асықпай қарап тұрсам үйдің қожайыны келіп «Ассаламағалейкум» деп қазақша амандасты. Қораның түпкіріндегі желіде бота да байлаулы тұр. Қожайынмен емен-жарқын әңгімелесіп тұрып арасында: – Әй, қазақтың бір түкпірдегі ауылында жүрістерің қалай, біздің жақтың орыстарының бәрі Ресейге көшіп кетті, – деп едім, ойланбастан: – Біздің орыс­та туған жерді қадірлейтін қасиет жоқ. Біздің тамағымыз қай жерде тоқ, сол жер туған жер. Туған жерін қастерлейтін қасиет тек қазақта ғана бар, – деген кезде біздің қадір-қасиетімізді бүкіл орыс халқы мойындап тұрғандай мақтаныш сезімі бойымды биледі. Сөйтсем шағын ауылда орыстардың 30-40 жанұясы бар екен. Бәрінің есігінің алдында шұрайлы жері, 50-60 уақ малы, жылқы, түйе, сиыр ұстайды екен. Ресейде бізді кім күтіп отыр дейсің, қазақ деген қонақжай, өзгені өзекке теппейтін дархан халық әрі қыз беріп, қыз алып құда-жекжат болып қалдық қой, – деп бәрі қазақша сайрап тұр.
Туған жерді қадірлеуді, туған жерге қызмет етіп, туып өскен жерді ұр­паққа мұра етуді аталарымыз әріден ойластырған. Әсіресе, дария бойын жайлаған біздің аталарымыз сырдың бойында егін егуді, жерді суландыруды терең ойластырған сияқты. Өздерінің арнайы білімі болмаса да олардың қазған каналдары әлі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Күркіреуік, Ботабай каналдары Шиелі халқының ерен еңбегімен қазылған Сталин каналы әлі күнге дейін халықтың игілігіне қызмет етуде. Күркіреуік каналы екі ауданға қызмет жасап келеді. Күркіреуік каналын қаздырған Ташкентте оқып, білім алған Серқұл Алдабергенов ағамыз екен. Каналдың құрылысын әдепкі кезде өз ағайындарымен бастағанмен жұмысты өндіре алмағасын, Шиелінің Шәулімше жағындағы отырықшы халықтарына содан бастап сауын айтып, 200-дей жігіттің басын құрап, «Күркіреуік» каналын бітіріпті. Каналдың сағасының ұрымтал жерден дәлдікпен алынғаны соншалық сағаны ашқан кезде дариядан су гүрілдеп дыбыс шығарғандықтан «Күркіреуік» деп атап кеткен. Қазіргі таңда атамыздың сол салып кеткен каналын созып, Қарғалы елді мекенінің тұрғындарына қызмет етуге қол жеткізілді. Былтыр 70-тен аса үй егіс ексе, биыл 200-дей үй сырттан егіс егуге құлшынып отырған көрінеді. Ботабай каналын қаздырған азамат жөнінде нақты мәлімет таппадым. Бірақ ол атамыз да елдің қамын ойлаған, туған жеріне тағзым еткен азамат болу керек. 1970 жыл­дары Ботабай каналын пайдаланып «Гигант» колхозы күріш еккені есімде. Аудан жұртшылығын отырықшылыққа тәрбиелеп, әр аймақта су жолдарын салғызған Жөлектен Пірназар ақсақал, Мәмірей, Қызылтудан Абылай, Еңбекшіден Мәулен ақсақалды елі ұмытпай еске алады.
Елбасымыз тәуелсіздігіміздің 26 жыл­дығын тойлау қарсаңында «қазақ үшін туған жерге тағзым етуден артық бақыт жоқ. Ендігі жерде халықтың арқасында жинаған байлықтарыңды туған елге, туып-өскен ортаға жұмсауға ұмтылыңдар. Байлықтарыңды шетелге жасырғандарың болса Қазақстанға қайтарыңдар. Сендер халықтың кеңдігінің, жердің жомарттығының арқасында байыдыңдар. Сондықтан туған жерге тағзым етуге тиіссіңдер», – деп еліне, халқына бір жағы тапсырма ретінде айтуы халық көңілінен шықты. Қазіргі таңда туған жерге тағзым етудің, оны құрметтеудің, қадірлеудің жаңа кезеңі мәреден шықты деуге болады. Сондықтан осы ұлы көштің алдыңғы сапында болайық, туған жерімізге тағзым етуге, оны құрметтеуге, қызмет жасауға асығайық, ұлы көштен қалмайық, ағайын дегіміз келеді.
Есіркеп Шәдібеков.
04 қаңтар 2018 ж. 4 751 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930