Атажұртқа адалдық – әр азаматтың борышы
– Елбасымыздың халыққа ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілгендей өзіміздің ұлттық кодты ашудың маңызы зор. «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды», – деп Нұрсұлтан Әбішұлы алдымыздағы мақсатты нақтылап берді. Ұлттық кодты ашу деген ол ең бірінші біздің жүрегіміздегі Отанымызға, халқымызға, туған жерге, мемлекетімізге деген сүйіспеншілікті, мөлдір таза махаббатымыздың бұлағын ашу, жылы сезімін ояту. Сол махаббатымыздың бұлағын ешқашанда сарқымай, суытпай, кірлетпей өмір бойы сақтау керек, дамыту керек, тазарту керек. Осы құдіретті сезім әр адамның арын, рухын, жанын, тәнін тазартады, санасын нұрландырады, тәніне күш-қуат, қайрат береді. Ата-бабаларымыз көздің қарашығындай қорғаған жердің қадір-қасиетін түсінеміз. Теңдесі жоқ туған жердің тас, топырағына дейін тағзым ететін тәуелсіз елдің рухты, өжет азаматтарымыз. Бүгінгі күн – Атажұртқа адал әр азаматтың жеке жауапкершілігі сынға түсетін сарабдал уақыт. Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек. Туған жерге деген ерекше құрмет – туған жердің көсегесін көгертуге атсалысу. Үкімет, жергілікті билік, халық, қала, ауыл, барлық аймақтың әлеуетін арттыруға, руханиятын, мәдениетін көтеруге ұмтылуы қажет. Туған жерді қастерлеп сүюге, туған жер қадірін арттыруға, заманауи озық өркениет үлгілерін дамытуға деген шамшырақ ұранның күштілігі осында. Елбасы ғана емес әрбіріміздің санамызда туған ел мен жерге деген ерекше сезіміміз сайрап тұруы керек деген ойдамын.
Жаңағы сезім адам тәніне күш-қуат, қайрат, мықты денсаулық беріп, өнерлі, талантты, дарынды, іскер сегіз қырлы, бір сырлы рухы биік, қазақ елінің маңдайалды тұлғаларын қалыптастырады. Ары таза, рухы таза, жаны таза, тәні таза, бірлігі жарасқан халқымыз Елбасы нұсқағандай қуатты мемлекет құрып, әрқайсысымыз армандағандай Мәңгілік Ұлы қазақ еліне айналамыз.
Бегман Қауасұлы,
жеке кәсіпкер.