Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ҚАСИЕТТІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

ҰЛТТЫҚ ҚАСИЕТТІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТАТЫН КЕЗ КЕЛДІ


Ақшаны таба білу бар да оны жинап, сақтау, көбейту, яғни инвестициялау бар. Байқасақ
«қарыз, өсімақы» дегенге үрейлене қарайтын біздің халқымыз біртіндеп өзі де атауынан ат үркетін ұғымдардың тұтқынына айналып бара жатқан секілді. Бүгінде айналамыздағы екі адамның бірі – банкке борышкер. Несиесін алып, оны орнымен жаратып, уақытылы төлеп жатса жөн-ау. Қазіргі таңда елімізде 7,3 миллион адам екінші деңгейлі банктен несие алған деген мәлімет бар. Өкінішке қарай, 1 млн-нан аса борышкер 3 айдан көп уақыт бойы қарызын төлей алмай жүрген көрінеді.  
Біздің қазіргі жағдайымызда қаржыны алдын ала жинамақ түгілі, «ақша керек кезде несие ала саламыз» деген түсінік әбден қалыптасып қалған. Соған орай бүгінде несие беруші екінші деңгейлі банктердің дәурені жүріп-ақ тұр. Олардың тұтынушыларға көрсететін қызмет түрлері күн сайын жаңарып, дамып отырады. Пайыздық мөлшері мен қойылатын талаптары да сан қилы. Бірі жалақыны өзінен алатын қызметкерлерге ғана несие беретін болса, кей банктер табысы барына көзі жетсе болды белгілі бір мөлшерді кез келген жанға ақша беруге дайын. Тіпті, шағын ғана ауданымыздың өзінде «жалақыға дейін 5 минутта ақша» беретін орталықтар көбеюде. Оңай ақшаның пайызы да шарықтап тұратыны айдан анық. Адам жаны қысылғанда оны ойлаушы ма еді? Сәл қиналсақ несие беретін орталықтарға жүгіру әдет болған көпшілігімізге.
Осыдан біршама жыл бұрын үлкендеріміз несиесіз қалай өмір сүрген екен осы? Алған қаржыны орнымен жұмсасақ мейлі ғой. Мысалы, банктен алған ақшаны бір кәсіп көзін ашуға жұмсап, тұрмысың реттеліп жатса құба-құп. Мәселе тап осы несиенің мақсатсыз болуында.
Жалпы, қаржы жинау, оны үнемдеу мәдениеті – қазақта бұрыннан бар қасиет. Оның бір ғана мысалы қызының қалың малын жинау үшін қазақ отбасы баланың кішкентай кезінен қамдана бастаған. Мәселен, Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» романында «Бір тамса да соған тамсын деп, Тұяқ бір шеге қақса да «Илаһи ниет қылдым Күнекейдің қалың малын өтемекке» деп қағып, тапқан-таянғанын тамызықтай төлей берді, төлей берді. Әйтеуір, бере берген соң еңбек қой, малынан құтылуға таяп еді...» деп суретеледі. Бұрынғылар баласын молдаға оқуға бергенде де оған төлер ақысын алдын ала дайындап қойған.
Мәселен, Еуропа елдері мен АҚШ-та қаржыны үнемдеп жұмсауды баланың ес білген сәтінен бастап үйретеді. Арнайы бір мақсатты белгілеп, соған қаржы жинауға баулиды. Ата-аналары бала дүниеге келген сәттен оның балабақшасы, мектебі, қандай оқу орнына түсетіндігін жоспарлап, соған орай қаржы жинай бастайды. Тіпті, баланың туған күнінде туыстары банктен депозит ашып, кішігірім ақша салып, ары қарай сол шотта жинақтауға бағыт береді екен.
Америкада өзге елдермен салыстырғанда, қаржылық білім деңгейі әлдеқайда жоғары екен. Бұл елде бала 10 жасынан бастап банк карточкасына ие бола алады. Студенттер үшін қаржы орталығы қызметі жұмыс істейді. Қаржыға қатысты сұрақтарға жауап беретін телефон желілері бар. Яғни, әр адам бала кезінен-ақ ақшамен жұмыс істеуге үйреніп өседі.
Әр күн мен ай сайынғы кіріс-шығысты есептеп, үнемдеп жұмсау – сараңдық емес, қаржылық сауаттылық болып есептеледі. Есесіне бала есейген соң ақшаны жинауды, не мақсатта қалай пайдалануды білетін болады. Қолына көптеу көк қағаз түссе есіріп, автомат ойындарына барып, ұтылып қалмайды.
Бұдан шығатын қорытынды, біздің елде де қаржы сауаттылығына айрықша мән беретін уақыт жетті. Қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен адам кез келген дағдарысқа қарсы тұра алады, жөнсіз несиеге ұрынбай, көрпесіне қарай көсілуге дағдыланады. Еліміз тұрақты дамуы үшін болашаққа деген жоспармен әр адам өз қаржы қорын толықтырып отырғаны дұрыс. Мемлекетімізде қаржы мәдениетін қалыптастыру дамыған елдердің қатарына қосылудың бір алғышарты емес пе? Елбасының өзі жыл басында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп атап айтты.
Олай болса, ежелден қанымызда бар осы бір ұлттық қасиетімізді қайта жаңғыртатын кез келгендей. Әйтпесе, банктердің табалдырығын тоздырып, бір несиесін жабу үшін екінші несиені алып жүрген дәл қазіргі жағдаймызда қайыршының күйін кешуге аз қалғандаймыз.
Гүлхан ЯХИЯЕВА
15 желтоқсан 2017 ж. 1 066 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930