Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛМАЛЫ АТАНЫҢ АСЫНА – АЙНАЛДЫРАЙЫҚ АЛМАНЫ

АЛМАЛЫ АТАНЫҢ АСЫНА – АЙНАЛДЫРАЙЫҚ АЛМАНЫ

Алмалы ауылына барған сайын кеңес одағы кезіндегі осы ауылдың адам қызығарлық тірліктері көз алдымнан өтеді. Ол уақытта бұл ауылда 264 га алма, 111 га жүзім, 560 тонналық мұздатқыш қойма, 20 жылыжай, үш ауысымда жұмыс істейтін банка жабатын цех болатын.


Алма бағынан 1200 тонна алма жиналып, күзде керегінше қоймаға салынып, келесі жылы көктемде аудан халқына, қала берді аймақ халқына сатылатын. Шіркін-ай, сол алмалардың аңқыған жұпар иісі мұрнымнан, бал татыған дәмі таңдайымнан әлі кетпейді. Ауылына осындай ынтымақ пен береке, молшылық пен мереке сыйлаған Мұхидин, Қайырбек, Ахметжан Сайфурхан, Құдайберген, Мадияр, Рысбек ағаларымыздың, Мария апаларымыздың топырағы торқа болсын. Ол кезде Алмалы ауылы асылып тұрған үлкен қазан сияқты еді. Ауылға бір машина кіріп, бір машина шығып, алма-жүзім алып кетіп жататын. Қандай керемет уақыт болатын. Ал қазір ше? Алмалы деген тек аты ғана қалды. Одақ тараған соң совхоз тарап, 14-15 шаруа қожалықтарына бөлінді. Алма, жүзім бақтары да осынша бөлікке бөлініп, шамалы уақытта ырым-жырымы шығып, жоқ болды. Ал қазіргі жағдай 2-3 шаруа қожалықтары көкөніс егіп, қалғандары жерді қоршап алып, азды-көпті малдарын қамап отыр. Жерлерді баптамаған соң, шеңгел, қамыс өсіп, азып-тозып жатыр. Ауылға қозғау салу мақсатында әрі ойланып, бері ойланып, осыдан 3-4 жыл бұрынғы ауыл әкімі Өмірханды Түркістандағы питоншикке ертіп барып орталай қаражат шығарып 55 түп алма көшетін алып келдік. Наурыз айында Алмалы ауылы халқын жинап, ауыл әкімгершілігінің қарсы бетіндегі демалыс алаңының ішіне өзім басында тұрып, алма көшеттерін еккіздім. Бірақ бұл бастамам ауылдан қолдау таппады. Ауылдың алғашқы іргетасын қалаған совхоз директоры Қ.Бірімжанов деген көкеміз ауылға өз есебінен әр үйге 4-5 алма көшетін беріп, егіп алыңыздар деп таратқан екен. Сол игі істің пайдасын кейінгі уақытқа ауыл тұрғындары көріп келді. Алма бақтарын қалпына келтіру үшін не істемек керек? Жақында Алмалы округі әкімі болып осы ауылдың тумасы Нұрдәулет деген жігіт сайланды. Осы азамат тез арада алма егу бағытындағы жұмыстарды ауыл халқымен ойласып, қозғау салу керек. Әкім бір өзі бұл жұмыстарды шеше алмайды. Бүкіл ауыл халқы болып қолдауымыз керек. Құрметті ауылдастар! Атам қазақта «жеті жасар бала асырамайды, жеті жылдық ағаш асырайды» деген аталы сөз бар. Осы нақыл сөзді басшылыққа алып, ауыл болып алма егейік, Алмалының атын затына сай қылып, осы жемісті өзіміздің тұтынатын асымызға айналдырайық, ағайын!

Әлияр СЕЙІТОВ,
Шиелі сушар өндірістік учаскесінің ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
08 желтоқсан 2025 ж. 130 0

Қоғам

ҚАРЫЗҒА БАЙЛАНҒАН ҚОҒАМ

08 желтоқсан 2025 ж.

ЖӨЛЕКТІҢ ЖАҢАРҒАН КЕЛБЕТІ

08 желтоқсан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9360)

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (9359)

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (9358)

01 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031