Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛМАСЫ БАЛ ТАТИТЫН АЙМАҚ ЕДІ...

АЛМАСЫ БАЛ ТАТИТЫН АЙМАҚ ЕДІ...


Кеңес одағы кезінде өңірдегі барлық кеңшар, ұжымшарларда атшаптырымдық алма бақтары болды. Онда қаншама бағбан еңбек етті. Жеміс шырыны, әртүрлі қайнатылған тосап шығаратын зауыттар қарқынды жұмыс істеп тұрғанын бүгінде көзі тірі жандар жоққа шығармайды. Ол тұста Үкімет тарапынан алма бақтарын ұстап тұру үшін қомақты қаражат бөлініп, өнім кәдеге асып жатушы еді. Қазір сол кездегі жайқалған бақтардың орны қаңырап бос жатқанын көргенде етегіне бидай төксең, етігіне сүрінер еріншектігімізге еріксіз налисың. Кезінде Д.Қонаев түскен бақтарда бүгінде тіс шұқуға жарайтын ағаш таппайтыныңа еңсең түседі.
Адам денсаулығына пайдасы зор жемістің құрамында алма қышқылы, темір, май, қант, силлолоза, алуан түрлі дәрумендер, минералды заттар мол. Иісі мұрын жаратын алмалар асқазан, ішек, жүрек ауруларына да мыңда бір ем. Әтеген-айы сол, бүгінде тәтті жемістің орнын көрші Қытайдан келетін алмалар басқан. Құрт екеш құрт та жемейтін ол алмалар қазір төрімізге еніп, дастарқанымыздан берік орын алғаны рас. Табиғи, таза жеміс жоқтың қасы болып тұр. Сиверс алмасын да, апортты да армандаудан басқа амал жоқ. Үкімет бүгінде алма бақтарын жаңғырту үшін әр гектарына 549 мың теңгеден субсидия бөліп отыр. Ал жасыл түп жеміс бергенше оны баптап өсіруге қалған жылдары 70-80 мың теңгеге дейін қаражат бөлінеді.
Қайбір жылдары Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолы пайдалануға берілгелі бірнеше ауылдың тұсында алма егу жұмыстары іске асты. Мәселен Тартоғайдағы «Әлібаев» шаруа қожалығы 2017 жылы 5 гектар алқапқа 10 мың түп алма ағашын екті. Шаруалар биыл өнім береді деп күтіп отыр. Ал Бала бидегі «Дәулет» жеке кәсіпкерлігі бұл кәсіпті 2019 жылы қолға алған. Алманың 5 түрлі сұрпынан 20 мың түп еккен диқандар көшеттің жерсінгенін айтады. Әйтсе де бидайкөлдегі баққа егілген алма ағаштары түгелдей қурап қалған.
Алма бағын жандандыру жағы қазір көрші Жаңақорған ауданында қарқынды қолға алынып жатыр. Ал бір таңғалатынымыз, кезінде 264 гектар аумаққа алма, 111 гектар жерге жүзім егілген Алмалы ауылынан қазір сол жемістерді таппайсың. Кезінде іскер басшы Мұхит Исмаил Алмалы совхозының директоры болған тұста жыл сайын алма бақтан 1200 тонна алма жиналатын деген деректер бар. 560 тонна жеміс сақтауға арналған мұздатқыш қоймасы, үш ауысыммен жұмыс істейтін цехы, 20 шақты жылыжайы да болған деседі. Мұндағы алма жыл он екі ай бойы аудан халқын қамтуға жетіп артылған. Кейіннен алма бақ таран-таражға түсіп, жерін ауыл тұрғындары бөлісіп алады.
Қазірде Алмалыға алма егуге мүмкіндік мол. Ауылдың тұсынан Л-6 каналы өтеді. Жері де егін егуге бейімделген, ескі су өткізетін құбырлары мен су жолдары сақталған. Мұндай бақтар тек Алмалы емес кезінде Еңбекші, Ақмая секілді өзге де елді мекендерде болған. Осы орайда Ақмая ауылының әкімі Бағлан Сағындықовты сөзге тарттық. Айтуынша ауылдағы ескі алма бақтың орнын қайта жандандырмақ ниетте. Ол үшін не істеу керегін де біледі.
– Қазір кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Өкініштісі ауыл азаматтары алма баққа қызығушылық танытпай отыр. Ал сырттан келетін кәсіпкерлер жерімен қоса өздеріне алғысы келеді. Бірақ біз оған келіспейміз, – дейді әкім.

АЛМА БАҚ – ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС
Алма бақтары – бұл отбасылық бизнес. Көзін таба білген кәсіпкерлер үшін алма бағына инвестиция құю – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын табыс көзі. Бүгінде екінің бірі кәсіп жасау арқылы табыс көзін арттыруды ойлайды. Дегенмен бәрі бірдей онсыз да қаптап тұрған қызмет көрсететін орындардың санын арттырғанша, өндіріс саласына қарай бет бұрған дұрыс.
Мәселен, алма экспорты. Шиелінің топырағына бұл жеміс жат емес. Оның үстіне осы кәсіптің «жілігін шағып, майын ішкен» майталман мамандар да жетерлік. Алманы егіп, ол пісіп жетілемін дегенше бірнеше жылды сарп етуге тура келер. Дегенмен, кәсіптің бұл түрінен пайда шаш етектен болары рас. Оның үстіне соңғы уақытта дәл осы алма өсірумен айналысатын бағбандарға мүмкіндік артып отыр. Біріншіден, бұл жеміске сұраныс мол болса, екіншіден, осы саланың маңызды бөлігі – импорт болып отыр, ал үшіншіден, мемлекет несие мөлшерлемелерін субсидиялау және өндіріс шығындарының бір бөлігін қайтару арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп келеді.
2025 жылға қарай елімізде бау-бақшадан жиналатын жеміс-жидек көлемін 420 мың тоннаға жеткізу жоспары бар. Ол үшін сапасы жоғары көшеттерді таңдап, будандастыру және жерсіндіру мәселесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруды тоқтатпау керек. Сонда ғана ішкі нарықты алмамен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, алманы қыруар қаржыға сыртқа сата аламыз.

АЛМАНЫҢ 50 ПРОЦЕНТІН СЫРТТАН ТАСИМЫЗ
Елімізде сатылатын алманың 50%-ы сырттан келеді. Ал, ішкі нарықты өз алмамызбен қамту үшін алма бақ көлемін арттыру қажет. Жоғарыда аталған шаруашылықтардан бөлек, әр ауылда шама-шарқынша бұрынғыдай бақша өнімдері егілсе жұрттың «жұғымсыз» жемістеріне жәутеңдемес едік. Қазақстан алманың отаны саналса да, алма экспорты жөнінен әлемде тек 42-ші орында тұр.
Қазір нарық заманы. Алдағы уақытта бұрынғы алма бақтарды қайта жандандыратын болса, біріншіден, ауылдың келбеті артып, көріктене түсер еді. Екіншіден, жұмыссыздар саны едәуір азаяды. Үшіншіден, халықтың қалтасына қомақты қаржы түсіп, әлеуеті артатыны анық. Ең бастысы тек экономикаға оң әсер етіп қана қоймай, экологиялық жасыл белдеу қалыптастыруға ықпалы орасан болмақ.
Сондықтан ауыл әкімдері мен ардагер ақсақалдар жастарды көптеп алма, жүзім егуге қайтадан баулып, кезіндегі жеміс бақтарын қалпына келтіруге атсалысса игі. Жол жөндеу, абаттандыру, мектеп, балабақша құрылысы секілді шаруалар ағымдағы, міндетті түрде орындалатын жұмыстар. Ауыл басшысы тек тапсырыс береді, оған мемлекеттен қаржы бөлініп, арғы қарайғы шаруасына мердігерлер жауапты болады. Ал ауыл әкімдерінің жұмысы салық көзін ұлғайтып, ауылдағы жұмыссыз азаматтарға кәсіп көзін ашуға ықпал жасау, жоғын түгендеуімен көрінері сөзсіз. Егер ауылдың өткенін жаңғыртып, «өлгенін тірілтуге» күш салсақ, бұл болашақ ұрпақ үшін де жасаған ең үлкен сыйымыз болар еді.
Білікті бағбандар «жер ұзақ уақыт пайдаланусыз тұра берсе эрозияға ұшырап, құнарын жоғалтады» дейді. Сондықтан уақыт оздырмай ата кәсіпке айналған алма бақты жандандыруға жанымызды салайық. Ауылдың атына заты сай болғаны қажет-ақ. Оның үстіне шетелдің құнары күмән туғызатын жемісін жегенше, өзіміздің бағбандар күтіп-баптаған, дәмі бал татитын алманы алаңсыз алып, артығын сатып, пайда қылғанға не жетсін?!

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
25 ақпан 2022 ж. 1 097 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930