Алмасы бал татитын Алмалы еді
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақ жерін алма мен қызғалдақтың отанына балады. Расында, әлем үшін үлкен маңызға ие бұл өсімдіктер қазақ жерінде бүр жарып, жер жүзіне тарады. Еліміз қазірдің өзінде әлемдегі «Сиверс» алмасының отаны саналады.
Сөйте тұра, бүгінде базар сөрелерінде тұрған алманың 50 пайызы Польша мен Қытайдан тасымалданып жүр. Себебі, бір кездері тонналап алма өсірумен айналысқан шаруашылықтардың көпшілігі жұмысын тоқтатқан.
Кеңес одағының тұсында ауданға қарасты Алмалы ауылындағы алма бақ та аймақтың ажарын айшықтап тұратын. Ал қазір елді мекеннің келбетіне қарап, бір кездері алманың отаны болған деп айту қиын. Ауылдың атына заты сай болмай тұрғаны Әлияр Сейітов ағамызды да алаңдатып жүр екен. Аудандағы ауыл шаруашылығында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ол – аталған салада толайым табысқа жетіп жүрген майталман маман.
– Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолы пайдалануға берілгелі бірнеше ауылдың тұсында алма егу жұмыстары іске асуда. Мәселен, бұл 1 – Май, Тартоғай, Досбол би, сонымен қатар Жаңақорған ауданының аумағында қолға алынып жатыр. Ал бір таңғалатыным, кезінде 264 гектар аумаққа алма, 111 гектар жерге жүзім егілген Алмалы ауылынан қазір сол жемістерді таппайсың. Іскер басшы Мұхит Исмаил Алмалы совхозының директоры болған тұста жыл сайын алма бақтан 1200 тонна алма жиналатын. 560 тонна жеміс сақтауға арналған мұздатқыш қоймасы, үш ауысыммен жұмыс істейтін цехы, 20 шақты теплицасы да бар еді. Мұндағы алма жыл он екі ай бойы аудан халқын қамтуға жетіп артылатын. Кейіннен алма бақ таран-таражға түсіп, жерін ауыл тұрғындары бөлісіп алды. Ал ауылдың аты затына сай емес. Неліктен? Алма егуге барлық жағдай жасалған. Ауылдың тұсынан Л-6 каналы өтеді. Жері алма егуге бейімделген, ескі су өткізетін құбырлары мен су жолдары сақталған.
Тек қолға алып, жұмысты жандандыратын жандар ғана жетіспей тұр. Қазір нарық заманы. Алдағы уақытта бұрынғы алма бақты қайта жандандыратын болса, біріншіден, ауылдың келбеті артып, көріктене түсер еді. Екіншіден, ауылда жұмыссыздар саны едәуір азаяды. Үшіншіден, халықтың қалтасына қомақты қаржы түсіп, әлеуеті арта түсері анық.
Сондықтан мен Алмалы ауылының ардагерлерін жастарды алма, жүзім егуге қайтадан баулып, кезіндегі жеміс бағын қалпына келтіруге атсалысуға шақырамын. Алмалы ауылының алмасын бүкіл қазақ еліне әйгілі етуге күш салсақ, бұл болашақ ұрпақ үшін жасаған ең үлкен сыйымыз болар еді, – дейді белгілі бағбан.
Иә, бүгінде екінің бірі бизнес жасау арқылы табыс көзін арттыруды ойлайды. Дегенмен бәрі бірдей онсыз да қаптап тұрған қызмет көрсететін орындардың санын арттырғанша, өндіріс саласына қарай бет бұрған дұрыс. Мәселен, алма экспорты. Шиелінің топырағына бұл жеміс жат емес. Оның үстіне бұл кәсіптің «жілігін шағып, майын ішкен» майталман мамандар да жетерлік. Алманы егіп, ол пісіп жетілемін дегенше бірнеше жылды сарп етуге тура келер. Дегенмен, кәсіптің бұл түрінен пайда шаш етектен болары сөзсіз. Осы орайда алма экспортымен айналысатын елдердің кірісіне көз жүгіртіп көрдік. Мәселен, 2018 жылы алманы экспорттаудан Қытай өз бюджетіне 1,5 млрд доллар, АҚШ 936,4 млн доллар, Италия 917,2 млн долларпайда түсірсе, Чили 663,6 млн доллар, Франция 591,3 млн доллар, Жаңа Зеландия 494,7 млн доллар, Оңтүстік Африка Республикасы 358,7 млн доллар, Польша 313,1 млн доллар, Нидерланды 208,3 млн доллар, Бельгия 134,1 млн доллар пайда тауыпты.
Біздің елде де соңғы уақытта дәл осы алма өсірумен айналысатын бағбандарға мүмкіндік артып отыр. Біріншіден, бұл жеміске сұраныс мол болса, екіншіден, осы саланың маңызды бөлігі – импорт болып отыр, ал үшіншіден, мемлекет несие мөлшерлемелерін субсидиялау және өндіріс шығындарының бір бөлігін қайтару арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп келеді.
– Алмалыдағы секілді орман шаруашылығы бөліміне қарасты жайқалып өнім беріп тұрған Ызалы көлдегі алма бақ бір кездері қараусыз қалып, тақыр жерге айналған болатын. Сонда «Өскен өңір» газетіне журналистермен бірігіп, «Ызалы көл неге ызалы?» деген проблемалық мақала жазылды. Нәтижесінде облыс көлемінде үлкен мәселе көтеріліп, көп кешікпей алма бақ қайта жандана бастады. Бүгінде Ызалы көлдегі 5 гектар жерге 5 мың түп алма көшеті орналастырылған. Алғашқыда басы-қасында өзім де болдым. Бұйырса бірер жылда жемісін беретін болады. Сол секілді Алмалының да алма бағы қайта бүр жаратын күнге жетсек екен» – дейді Ә.Сейітов.
Білікті бағбан «жер ұзақ уақыт пайдаланусыз тұра берсе эрозияға ұшырап, құнарын жоғалтады» дейді. Сондықтан уақыт оздырмай ата кәсіпке айналған алма бақты жандандыруға жанымызды салайық. Ауылдың атына заты сай болғаны қажет-ақ. Оның үстіне шетелдің құнары күмән туғызатын жемісін жегенше, өзіміздің бағбандар күтіп-баптаған, дәмі бал татитын алманы алаңсыз алып, артығын сатып, пайда қылғанға не жетсін?!
Гүлхан ЯХИЯ