Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЛОГЕР ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ӨКІЛІ МЕ?

БЛОГЕР ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ӨКІЛІ МЕ?

Кезінде қоғамның рухани бағытбағдарын жазушы, ақын, суретші, режиссер, ғалым сияқты тұлғалар қалыптастыратын. Ал қазір микрофон мен қаламды смартфон мен камера алмастырды. Осы тұста бір сұрақ туындайды... Блогер – мәдениетті дамытушы тұлға ма, әлде тұтынушының көңілін аулайтын жандар ғана ма?

Бұрын бір адамның ойын халыққа жеткізу үшін газет, теледидар, баспа қажет еді. Енді – бір телефон жеткілікті. Instagram, TikTok, YouTube – бәрі де жаңа мінберге айналды. Онда журналистика, өнер, саясат, психология, тіпті дін араласып кеткен. Қазір Қазақстанда миллиондаған жазылушысы бар блогерлердің ықпалы – тележүргізушіден де, кейде саясаткерден де күштірек. Олар – тренд жасайды, пікір қалыптастырады, тауар емес, ой сатады. Бірақ бұл – мәдениет пе, әлде маркетинг пе? Көп блогер өз контентін «мәдени ағарту» деп көрсеткенімен, іс жүзінде ол көбіне көңіл көтеру форматына жақын. 15 секундтық видео, әзіл, ақпарат – бұл әрине, тартымды. Бірақ ол адам санасын тереңдетпейді, тек жедел эмоция береді. Шынайы мәдениет – ой салады, талғам қалыптастырады, ұлттың бейнесін сақтайды. Ал блогерлердің бір бөлігі мәдениетті емес, трендті таратады. Бірақ барлығы бірдей емес. Жаңа буынның ішінде өз аудиториясына сапалы рухани контент ұсынатын тұлғалар да аз емес. Мысалы, тарих, әдебиет, тіл, этика, ұлттық киім, дәстүр тақырыптарын TikTok форматында жеткізетін жастар – жаңа мәдениеттің ағартушылары. Олар «жастар кітап оқымайды» деген стереотипті бұзып, мәдениетті жаңа тілмен сөйлетіп отыр. Алайда блогерлік мәдениеттің басты қайшылығы – ақша мен миссияның арасындағы теңгерім. Бірі көп қаралым үшін кез келген трендке ереді, ал екіншісі – аз көрілім болса да сападан таймайды. Бұрын «өнер сату үшін емес, айту үшін» жасалса, қазір контент «көру үшін» жасалады. Блогерлік мәдениет – нарық заңына бағынады, ал нағыз мәдениет – адам жанының заңына бағынады. Блогерлерді кінәлаудан бұрын, оларға сұраныс бар екенін мойындау керек. Олар – қоғамның сұранысын бейнелейтін айна. Егер жеңіл контент көп болса, демек, қоғам жеңілді қалайды. Егер ойлы контент көбейсе, демек, қоғам өсуге дайын. Сондықтан «блогер мәдениет өкілі емес» деп кесіп айту үстірттік. Мәдениеттің өзі де өзгеріп жатыр. Бүгінде өнер сахнасы сахнада емес, экранның ішінде. Бұрнағыда мәдениет – кітап, театр, кино сияқты дәстүрлі арналар арқылы таралса, қазір ол – алгоритмдер мен ленталар арқылы жүреді. Түпкі мақсат сол қалпы: адамды ойландыру, әсер ету, біріктіру. Технология құралды өзгертті, бірақ мәнді өзгерткен жоқ. Сондықтан блогер – жаңа дәуірдің өнер иесі болуы мүмкін, егер ол адамға ой, сезім, құндылық бере алса. Мәдениет – ол сахнадағылар мен экрандағылар ғана емес. Мәдениет – ол қоғамның ортақ деңгейі. Егер біз сапалы контентті таңдап, терең ойға мән берсек, блогерлер де сол бағытта дамиды. Яғни блогер – жай өнім емес, біздің талғамның айнасы. Сол себепті «Блогер – жаңа мәдениет өкілі ме?» деген сұрақтың жауабы бір ғана сөзбен түйінделеді. Иә, егер ол таным емес, сана таратса.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

15 қазан 2025 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

№77 (9344)

11 қазан 2025 ж.

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031