Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Блогер болам десеңіз...

Блогер болам десеңіз...

Қазір әлеуметтік желінің, оның ішінде инстаграмның дәурені жүріп тұр. Соның арқасында кез келген адам ойын бүкпесіз жеткізе алады Және жарнаманың да сұранысы едәуір артуда. Сәйкесінше оқырман саны мен пікір, лүпілдің саны көбейген сайын жарнамадан түсетін табыс та арта бермек. Сауаттылық. Жауапкершілік. Жылдамдық. Осы үш қасиет бір адам бойынан тоғысса, онда оны блогер десек болатындай.
Біз жоғарыда үш қасиетті не үшін айттық? Өйткені қазір екінің бірі блогер болуға құмар. Оны тек пост жазып, видео түсіріп қоюмен шектеледі десеңіз, қателесесіз. Ең алдымен блогер өз аудиториясына не ұнайтынын, оларды не қызықтыратынын алдын ала анықтап алғаны абзал. Қала берді, зерттеушілік-аналитикалық қабілетке ие маман болуы шарт. Тіпті олар соның арқасында бизнеспен де айналыса алады. Олардың өз парақшасы немесе арнасында жарнама беру арқылы кәсібін дөңгелетуіне болады. Соның арқасында блогерлердің табыс көлемі 300 мың мен 1 млн теңгені құрауы мүмкін. Блогер мен вайнерлердың жарнамасымен айналысатын NATIV жарнама агенттігі келтірген мәлімет бойынша 1 млн мен 5 млн аралығындағы оқырманы бар вайнерлердің 1 минуттық видео ролигі 1 жарым млн теңге тұрады екен.
Мұндай сандарды көргенде ойға шомасың. Джастин Холл мен Йорен Баргер тұңғыш рет блог жүргізуді бастағанда бұл істің мамандық қана емес, талайдың нәпақа табу жолы болатынын сезбеген де шығар. Блогерлікті үздік әрі әмбебап мамандық десек қателеспейміз. Себебі авторлық блог жүргізу – кішігірім газет шығарумен бірдей. Оның газеттен айырмашылығы оны тек бірақ адам жазады. Блогер – өзі автор, корректор, редактор, фотограф және өңдеуші де бола алады.
Мысал үшін айта кетейік, әлемге әйгілі Криштиану Роналдуды 237 млн оқырман оқиды. Ал әнші Селена­ Гоместің 189 млн тіркелушісі бар. Біле білсеңіз, әншінің әр постын орташа есеппен 3,6 миллион адам ұнатады екен. Осындай миллионды құрайтын оқырмандар біздің елдегі блогерлер мен вайнерлерде де кездеседі. Атап өтетін болсақ, қазақстандық танымал вайнер Серғазы Тоқтарбаевтың 5,3 млн оқырманы бар. Ол 2015 жылдан бері инстаграм әлеуметтік желісінде белсенді. Бізге жеткен мәлімет бойынша, оның 5,3 млн оқырманының 2,8 млн сапалы аудитория. Шынайы оқырмандардың үлесі − 48,66 %, күмәндісі − 36,16%, массфоллоунг − 9,4% құрайды. Серғазының видеоларын көбіне ер азаматтар көреді екен. Әйелдерің үлесі – 34,4% болса, ерлердікі – 65,96%. Шынайы пікір қалдыратындардың үлесі – 33,8%-ды құрайтын көрінеді.

С.МАДИЯРОВА

02 қыркүйек 2020 ж. 820 0