Ғалымдар мидағы қан айналымын жақсартатын пайдалы шырынды анықтады

Тәжірибеге 18–35 жас аралығындағы 20 адам қатысқан. Бірінші жағдайда олар құрамында 500 миллиграмм полифенол бар Blackadder сұрпынан жасалған қара қарақат шырынын ішсе, екінші жағдайда – белсенді заты жоқ тура сондай сусын ішкен.
35 минуттан кейін зерттеушілер мидың сол жақ алдыңғы бөлігінде қанның оттекпен қанығуы артқанын және дезоксигемоглобин деңгейі төмендегенін байқаған. Бұл мидың қан және оттекпен жақсырақ қамтамасыз етілгенін көрсетеді.
Зерттеу авторы, доктор Энтони Уотсонның айтуынша, қара қарақат шырыны әсіресе назар мен шешім қабылдауға жауапты сол жақ префронталды қыртыстың белсенділігін арттырған.
Қара қарақат антоциандар сияқты полифенолдарға бай, ал бұл заттар қан тамырлары мен жүрек жұмысына оң әсер етеді. Ғалымдардың пікірінше, олар қан тамырларын кеңейтетін азот тотығының түзілуін күшейтуі немесе дофамин мен серотонин деңгейіне әсер етуі мүмкін.