Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОРМАН ТЫНЫСЫ – АДАМЗАТТЫҢ ҚОЛЫНДА

ОРМАН ТЫНЫСЫ – АДАМЗАТТЫҢ ҚОЛЫНДА

Табиғатпен тілдесе білетін, ағаштың жапырағына дейін жанымен сезінетін жандар болады. Олар үшін орман – жай ғана жасыл әлем емес, өмірдің өзі, тіршіліктің тінін жалғап тұрған қастерлі кеңістік. Осындай жандардың бірі емес, бірегейі – Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері. Бір қарағанда бұл – жай ғана мекеме. Ал ішіне үңілсең, тұнып тұрған табиғатқа жанашырлық, далаға деген шексіз махаббат, қысы-жазы тыным таппайтын жанкешті еңбек. Айналамызда тіршілік тынысы бәсеңдегенде де, олар орман үшін күресін тоқтатпайды.

Жасыл әлемді күзеткен үш орманшылық
Аталған мекеменің мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі – 1 079 187 гектар болса, оның 870 320 гектары орманды алқапты құрайды. Бұл дегеніміз жай ғана сандар емес, бұл – Сыр бойының сәні, желмен бірге тербелген шөп, самалмен сырласқан ағаш, тіршілікке нәр берген жасыл желек. Бұл кеңістікті Жөлек, Шиелі және Қызылқұм атты үш орманшылық бөлімше өзара бөлісіп, күзетеді. Үшеуі үш түрлі өңірдің табиғи мінезін танытады. Бірінде сексеуіл өссе, бірінде жыңғыл жамырайды. Бірақ барлығының мақсаты бір – орманды қорғау, оны көбейту, келер ұрпаққа аман жеткізу. Мекеме басшысы Жандос Жақсылықұлы өз сөзінде: – Біздің мақсатымыз – орманның тынысын сақтау, оның әрбір түп жасыл желегін қорғау. Орманды өсіру, қорғау және оны өрттен, заңсыз кесуден сақтау – біздің күнделікті борышымыз. Табиғат бізге сенім артқан, сол сенімді ақтау – біздің басты міндетіміз, – деді. Осы сөздерден-ақ орман мекемесінің қызметкерлерінің табиғатқа деген ерекше махаббаты мен жауапкершілігі сезіледі. Әрбір ағаш – олар үшін жай ғана өсімдік емес, тіршіліктің символы. Олар үшін орман – өткен мен болашақ арасындағы алтын көпір, сақталуы тиіс киелі мекен.
Бір тал кессең – он тал ек
2025 жылдың көктемі Шиелі орманшылары үшін әдеттегіден де қызу басталды. Жөлек орманшылығында тұқымбақ құрылып, 0,5 гектар жерге көшет егілді, тағы 0,5 гектарға мектеп бөлімі отырғызылды. Орман екпелері де ұмыт қалмады. 2 гектар жерге мәдени екпелер егілді, бұрын отырғызылған көшеттерге су құйылды, шөбі орылды, тамырына дейін күтім жасалды. Көңіл қуантатыны – бұл тек жоспар емес, нақты орындалған еңбек. Ал «Қазақстанда ландшафттарды қалпына келтіру» жобасы аясында жүргізілген жұмыс – ұлан-ғайыр. 400 мыңнан аса сексеуіл көшеті егілді. Сексеуіл – шөлдің шатыры, желдің жамылғысы, құмның қапталы. Оны өсіру – елге қорған болу.
Орманды өрттен – елді апаттан қорғаймыз
Табиғаттың тылсым сұлулығы бір сәтте-ақ жалынға оранып кетуі мүмкін. Сондықтан орманшылар үшін өрт – ең үлкен қауіп, ал оны болдырмау – басты қағида. Биыл бұл бағытта нақты істер атқарылды. Ауыл тұрғындарына ескерту хаттар таратылып, өртке қарсы 54 шақырым жаңа минералды жолақ салынды. Бұған қоса, 216 шақырымға күтім жасалды. Қауіпті маусымда өрт сөндіру жаттығулары өткізіліп, тұрғындар да, орманшылар да шұғыл жағдайға дайын болды. Өкінішке қарай, биыл екі өрт оқиғасы тіркелді. Бірақ орманшылардың жедел әрекеті мен құқық қорғау органдарының қолдауымен кінәлілер анықталып, келтірілген шығын толықтай өтелді.
Заң – орманға қалқан, қамқорлық – жанға жұбаныш
Табиғатты аялау – ағаш егіп, көгалдандыру емес. Ол – әр талдың тағдырын заңмен қорғау, әр аңның өмірін қадірлеу. Себебі орман – мемлекетке ортақ байлық, ал оны қорғайтын қалқан – заң мен адам ұяты. Биылдың өзінде Шиелі орман мекемесі тарапынан 16 рет рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 7 заң бұзушылық фактісі тіркелген. Оның ішінде заңсыз ағаш кесу, орманды ластау, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау және аң аулау ережелерін бұзу сияқты келеңсіз әрекеттер бар. Бірақ бірдебір заңбұзушы жазасыз қалмады. Сотқа жолданған істер де болды, айыппұл да салынды, табиғатқа келтірілген залалдың бәрі толықтай өндірілді. Әсіресе, сексеуіл – құмды даланың қалқаны, желге қарсы тұрар табиғи тосқауыл. Осы сексеуілді заңсыз кесуге жол бермеу мақсатында арнайы екі мобильді топ құрылып, орман ішін күнделікті аралап, заңсыз әрекеттерге тосқауыл болып келеді. Бұл – табиғатқа жанашырлықтың заңдық үлгісі. Алайда орманды сақтау тек заңмен шектелмейді. Ол – тірі организм. Әрбір бұтағы, әрбір тамыры – Жер-Анамен үндесіп, тіршілік тынысын тербетіп тұрады. Сондықтан оны тек отырғызып қана қоймай, жүйелі түрде тексеріп, күтіп-баптап отыру – міндет. 2025 жылдың көктемі мен күзі осы бағытта нақты істерге толы болды. Қызылқұм, Шиелі және Жөлек орманшылықтарының аумағындағы 86800 гектар жерге 1984 дана шұңқыр қазылып, патологиялық зерттеу жүргізілді. Нәтижесі көңіл қуантады – бірде-бір ауру ошағы тіркелмеген.
Көл – тыныс, шабақ – тіршілік
Адам мен табиғаттың арасын ажыратуға болмайды. Олар бір-бірінің айнасы іспетті. Табиғаттың әрбір тамшысы, әрбір сыбдыры – адам жанының үніндей. Көл мен өзен – жердің тамыры, ал сол тамырдан нәр алған тіршілік – біздің болмысымыздың бір бөлшегі. Ауданда 31 су айдыны бар. Соның 4-еуі – резервтік қорда. Олар: Ханқожа, Соркөл, Иіркөл және Құмкөл. 2025 жылдың көктемінде жарияланған «Таза су айдындары» акциясы аясында осы көлдердің жағалауы тазартылып, су жүйелері қалпына келтірілді. Ерекше маңыздысы – шабақтарды құтқару жұмыстары. Күріштік алқаптарда, су тасыған жаптар мен каналдарда қалып қойған шабақтар жиналып, өзен-көлдерге қайта жіберілді. Табиғатпен жұмыс істейтін мекеме – тек орманмен ғана айналыспайды. Олар халыққа да қызмет көрсетеді. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында орман мекемесі орман пайдалану бойынша 1,8 миллион теңгеден астам табыс түсірген. 37 азаматқа орман билеті берілді. Оның ішінде мал жайылымына уақытша жер, омарта орналастыру, егіншілік мақсатындағы пайдалануға берілген учаскелер бар. Мұның барлығы мемлекет пен азамат арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынас. Орман – халыққа тиесілі, оны ортақ игілікке айналдыру – өзара келісім мен заң шеңберіндегі жұмыс нәтижесі.
Технология мен тәртіптің үндесуі
Қыстың қытымыр шағында табиғат та жан күйзелісін бастан кешіреді. Аяз қысқан сайын азық қоры азайып, орман ішіндегі тіршілік иелері қиындыққа тап болады. Құстардың қанаты талса, аңдардың табаны тоңады. Осындайда табиғат үнсіз көмек сұрайды. Бұл үнсіздікті орманшылар естиді. 2025 жылдың көктемінде 2002 килограмм жем орман ішіндегі арнайы белгіленген алқаптарға төгіліп, жабайы аңдар мен құстарға қорек ретінде берілді. Бұл тек жануарларға жасалған қамқорлық емес – бұл табиғатқа деген шынайы жанашырлықтың көрінісі. Әсіресе Жөлек пен Шиелі орманшылықтарының аумақтарында бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп, тіршілікке тірек болды. Табиғаттың әрбір үнін естіп, оны жауапсыз қалдырмау – адамзаттың парасаттылығын көрсетеді. Алайда орманға жанашырлық тек жүрекпен ғана емес, нақты әрекетпен, заманауи құралдармен де қажет. Өйткені табиғатты қорғау – тек сезімнің шаруасы емес, бұл – технология мен тәртіптің үндесуі. Осы мақсатта биыл мекеменің техникалық базасы айтарлықтай жаңартылды. Жаңа КамАЗ өрт сөндіру көлігі, БТЗ-242К.20 тракторы, бірнеше мотоцикл, стационарлық және мобильді рациялар алынып, жұмыс барысы әлдеқайда шапшаң әрі тиімді бола түсті. Сонымен қатар арнайы есепшот арқылы Hyundai Tucson және Нива автокөліктері сатып алынып, орман күзеті мен табиғат қорғау шаралары жаңа деңгейге көтерілді. Жедел әрекет пен тиімді қимыл – орманды аман сақтаудың басты кепілі. Сондықтан техникалық қамтамасыз ету – тек құрал емес, орманшының сенімді серігіне айналып отыр.
Қаржы – еңбекпен келген нәтиже
Табиғатты қорғау – нақты әрекетпен, жүйелі жоспармен және қаржылық қолдаумен жүзеге асады. Биыл Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі осы сенім үдесінен толық шықты. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджеттен бөлінген 659 миллион теңге қаражат 100% игерілді. Бұл – сандар ғана емес, бұл – тал егіп, орманды күтіп, техникалық базаны жаңғыртып, табиғатпен үндес өмір сүруге жасалған нақты қадамдар. Сонымен қатар арнайы есепшот арқылы қосымша табыс көздері де қалыптасты. Көшет сату, көгалдандыру қызметтері арқылы түскен қаражат тек қазынаны толықтырып қойған жоқ, орман шаруашылығын заманауи деңгейге көтерудің іргетасына айналды. Табиғатты сақтау ісінде әр теңгенің тағдыры – әрбір бұта мен бүршікке айналып, жасыл желекке жан бітіріп тұр.
Келер жылдың межесі
Алдағы күннің межесі – салмақты, жүйелі әрі жан-жүректі тербететіндей ауқымды. Орман – тыныс, тіршілік – тін. Сол себепьен Шиелі орман мекемесінің 2026 жылға қойған жоспарлары – болашаққа бағытталған биік мақсат, табиғатпен жасалған үндестік, ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Атап айтқанда, мына тізімге назар салып қарайықшы: 1 079 187 гектар орманды күзету – бұл жай ғана кеңістікті бақылау емес, жер мен көктің арасындағы жасыл желекке жан беру, тыныстаған табиғатқа тірек болу. Ал 10 гектар жерге сексеуіл тұқымбағын ұйымдастыру – шөлге көлеңке, құмға қалқан болар бастама, құм көшкіндеріне қарсы табиғи қамал жасау, 17 гектар аумаққа жаңа орман отырғызу – бүгін еккен ағаш, ертеңгі ұрпақтың тынысы, келешекке қалдырылған көлеңке, 27 гектар бұрынғы отырғызылған екпелерге күтім жасау – жасыл желекке деген жанашырлықтың, еткен еңбекті елеудің, орманшы адалдығының нақты көрінісі. 61 гектар аумақта бақылаулы өртеу жүргізу – қауіптің алдын алу, орманның амандығын сақтау жолындағы маңызды әрекет, 43, 4 мың гектар орманды патологиялық зерттеу – орманның «денсаулығына» жасалған тың диагностика. Жасыл әлемнің жағдайын зерделеу, жабайы аң-құстарға жем шашу, шабақ құтқару – тіршілік атаулыға деген тағылымды қамқорлық, табиғатқа жанашырлықпен қарау, заңбұзушылықтардың алдын алу, рейдтік шараларды күшейту – орманға қалқан болар тәртіп пен талап. ТҮЙІН: Сонымен біз мекемеге арнайы барып, орман тынысын көзімен көріп, жанына үңілген жандармен жүздестік. Қағазда көрінетін сандар – тек нәтиженің ғана емес, тынымсыз еңбектің көлеңкесі. Ал сол көлеңкенің артында күннің ыстығына да, күздің ызғарына да қарамай, орман аралап, тал егетін, өрт сөндіретін, заң бұзушылармен күресетін қарапайым адамдар тұр. Олар үшін орман – табыс көзі емес, тыныс көзі. Әрбір жас шыбықты көздің қарашығындай сақтау, әр шабақты құтқарып, суға қайта жіберу, әр аңға қамқорлық көрсету – бұл күнделікті жұмыстың бір бөлігі емес, жүректен туған жауапкершілік. Біз орманшылардың арасында жүріп, олардың кәсібін емес, өмірлік ұстанымын көрдік. Олар көп сөйлемейді, бірақ көп істейді. Сол үнсіз істің аты – ерлік. Табиғат – бізге аманат. Сол аманатты арқалап жүрген орман қызметкерлерінің еңбегі – бүгін де, ертең де ел есінде қалуға лайық.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото: Бақытжан БӘЙІМБЕТ

15 қазан 2025 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

№77 (9344)

11 қазан 2025 ж.

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031