Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ
Өрт – тілсіз жау. Оның қай кезде белең алып, сан соқтыратынын ешкім болжап білмейді. Әйтсе де, жұмыр басты пенденің барлығы дерлік өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауы қажет. Мұндай талапты көктем, жаз мезгілдерінде күшейткен артық етпейді. Осы орайда тілсіз жаудың алдын-алу үшін не істеу керек? Ауданда орман өрттерін болдырмау үшін қандай шара жүргізілуде? Жыл басынан бері неліктен өрт оқиғасы жиілеп кетті? Бұл сауалдарға бейсенбі күні Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің басшысы Жандос Әлиев брифинг барысында жауап берді.
Шиелі ауданындағы орманды алқаптың көлемі 445827 гектарды құрайды. Ал Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі 3 орманшылыққа бөлінген. Атап айтар болсақ, Жөлек, Шиелі, Қызылқұм. Биыл орман көлемін арттыру мақсатында орман қоры жеріне 200 гектар 108000 дана сексеуіл ағаш көшеттері мен 2,0 гектар жерге 416 дана алма көшеті отырғызылған. Сондай-ақ Жөлек орманшылығына қарасты орман қорына 62 мың дана көшеттер, оның ішінде терек, тал, жиде, кәдімгі қына, үйеңкі, шаған егілген.
Шиелі ауданындағы орманды алқаптың көлемі 445827 гектарды құрайды. Ал Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі 3 орманшылыққа бөлінген. Атап айтар болсақ, Жөлек, Шиелі, Қызылқұм. Биыл орман көлемін арттыру мақсатында орман қоры жеріне 200 гектар 108000 дана сексеуіл ағаш көшеттері мен 2,0 гектар жерге 416 дана алма көшеті отырғызылған. Сондай-ақ Жөлек орманшылығына қарасты орман қорына 62 мың дана көшеттер, оның ішінде терек, тал, жиде, кәдімгі қына, үйеңкі, шаған егілген.
Орман – қоршаған ортаның ақ босағасы, табиғаттың алтын діңгегі және табиғи байлықтардың қайнар көзі. Оның сан алуан дүниесі мен пайдалы өнімдерінсіз адамзат баласы тынымсыз тіршілігін жүргізе алмайды. Сірә, адам мен табиғаттың үндестігі осы шығар? Дегенмен бүгінгі күні орман күрт азаюда. Өкініштісі, ағаш кесу, өрт қою сынды оқиғалар адам қолымен жасалып отыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы тарихи мәліметтерге сүйене отырып, дүние жүзінде 8 млрд гектар орман болғанын, оның өткен ғасырдың сексенінші жылдарына қарай 3,6 млрд гектары, ал қазіргі таңда тек 3,2 млрд гектары ғана қалғанын анықтаған. Әсіресе, соңғы екі ғасырда орман өртінің және оны жаппай кесудің салдарынан жер жүзі ормандарының 40 пайызы жоқ болып кеткен. Тіпті бұрын адам аяғы баспаған тропикалық ормандардың да бестен бірі жойылған. Ал қазір әлем бойынша жыл сайын орман қорының 17 млн гектарға азайып отырғаны мағлұм.
Табиғатқа келген мұндай зауал 2020 жыл табалдырықтан аттаған сәтте Шиелі ауданындағы орман қорында да орын алды. Бір емес төрт өрт жағдайы тіркелген. «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің» басшысы Жандос Әлиевтің айтуынша, жалпы өрт шалған аумақ 19,04 га құрайды. Оның ішінде орманмен қамтылған – 7,6 га, ормансыз жерлер – 11 га, жалпы табиғатқа келген шығын – 8037,3 мың теңге.
– Былтыр ауданда ешқандай орман өрті тіркелмеген еді. Өкінішке қарай, биыл төрт жағдай орын алды. Оның бірі Ортақшыл ауылына қарасты орман қоры жерінде 17 наурыз күні болды. Біз жоспарға сәйкес жұмыс атқардық. Ал екінші жағдай 29 наурыз күні, түнгі 23:32 шамасында тіркелді. Орман шаруашылығына қарасты уақытша Тұқымбақ бөлімшесінің ішінде өрт басталған. Дәл осы өрттің шығыны көп. Нақтырақ айтар болсақ, 8 млн теңгенің үстінде табиғатқа шығын келді. Өйткені, мұнда жаңадан көшеттер отырғызылған еді. Үшінші жағдай туралы айтар болсақ, Жөлек орманшылығына қарасты Талаптан мен Бәйгеқұмға шекаралас аймақтардағы орман қоры бөлімінде орын алды. Бұл оқиғаны орманшы инспекторлар дер кезінде анықтап, Жөлек ауылының тұрғынына тиісті хаттама толтырылып, айыппұл өндірілді. Төртінші жағдай да осы іспеттес. Ол да Бала би ауылының аумағында болды. Орманшы инспекторлар от жағуда санитарлық талаптарды орындамағаны үшін ауыл тұрғынынан айыппұл өндірді, – дейді Жандос Әлиев.
Десек те, орман өрті қауіпсіздік шараларының немқұрайды жүргізіліп жатқанын білдірмейді. Ж.Жақсылықұлының мәліметіне сүйенсек, ауылдық округтер мен елді мекендерде орман өрттерін алдын алу мақсатында 81 дана ескерту хаттар таратылған. Сондай-ақ табиғатқа жанашырлықпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ендігі кезек тұрғындардың жауапкершілігінде. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» демекші, біз барлық ресурстарды тікелей табиғаттан аламыз. Сондықтан өз саулығымыз үшін табиғат тазалығын һәм қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ