Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАЛАСЫН СҮЙГЕН ДАРА ПЕРЗЕНТ

ДАЛАСЫН СҮЙГЕН ДАРА ПЕРЗЕНТ

Сыр елі ер еңбегін ешқашан ескерусіз қалдырған емес. Халықтың құрметі мен алғысы – адал еңбектің ең биік бағасы. Сол құрметтің бір көрінісі ретінде жуырда Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетовтің туғанына 95 жыл толуына орай «Даласын сүйген дара перзент» атты шара өтті.

Шара барысында тұлғаның ғибратты ғұмырына арналған бейнематериалдар көрсетіліп, жыр-термелер шырқалды. Туған елдің төрінде өткен тағылымды жиын көрерменге ерекше әсер қалдырды. Әрмен қарай аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз сөзінде ел дамуына өлшеулі үлес қосқан азаматтың еңбегі мен парасатын айрықша атады. – Қасиетті Сыр өңірі – ел игілігі мен ұлт мүддесі жолында тер төккен дара тұлғаларға бай өлке. Солардың бірі – еңбек пен парасаттың символына айналған Орынбасар Бәйімбетов. Ардақты ағамыз өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліне адал қызмет еткен азаматтың есімі ел жадында мәңгі сақталады, – деді аудан басшысы. Орынбасар Биімбетұлы – 1930 жылы Қаратау бөктерінде дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, небәрі 13 жасында еңбек жолын бастаған. 1949 жылы Қазалы зоотехникалықмалдәрігерлік техникумын үздік тәмамдап, кейін Алматы зооветеринарлық институтында білімін жалғастырды. 1962 жылы Сұлутөбе қыстағындағы «1-Май» совхозының директоры болып тағайындалып, бар-жоғы 5 жыл ішінде шаруашылықты республика үздіктері қатарына қосты. Оның жетекшілігімен ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізіліп, өнім көлемі артып, шаруашылық мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Егістік тегістеудің тың әдісін қолдану арқылы ол Сыр диқандарының өнімділігін еселеді. Ол 36 жасында Социалистік Еңбек Ері атанып, есімі Қазақстан ССР Құрметті ­Алтын кітабына енгізілді. Кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарып, өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуына тың серпін берді. Ел игілігі үшін атқарған істері мен өмірлік ұстанымы оны ел сүйіспеншілігіне бөлеп, халықтың ыстық ықыласына ие етті. Сондай-ақ еске алу шарасында Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы, құқық қорғау саласының ардагері Тастемір Сауранбайұлы, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Өмірсерік Исабекұлы, Шиелі ауданының Құрметті азаматтары Сұлтанбек Оразымбетов пен Ералы Жұмаділов, сонымен қатар ағамыздың қарындасы Балтагүл Бейімбетқызы сөз сөйлеп, өмірден көрген-түйген естеліктерімен бөлісті. Жиында айтылған әрбір естелік пен жылы лебіз – ел еңсесін көтерген еңбек ерінің жарқын бейнесін қайта жаңғыртқандай болды. Оның өмір жолы – еңбекқорлық пен отансүйгіштіктің, қарапайымдылық пен парасаттылықтың үлгісі. Орынбасар Бәйімбетов есімі – Сыр елінің тарихында мәңгілікке жазылды. Ол артына өшпес із, өнегелі іс қалдырды. Елінің еңсесін еңбегімен көтерген ердің рухына тағзым еткен бұл күн – туған жер мен елге адал қызмет етудің қадірін ұқтырып, ұрпақ санасына ұлтқа деген сүйіспеншілікті ұялатқан сәт болды.

Айнұр ИБРАШЕВА

04 қараша 2025 ж. 56 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

№83 (9350)

01 қараша 2025 ж.

№82 (9349)

29 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930