Парасаты мен саясаты сай тұлға
6 қыркүйек күні «Арман» мәдениет үйінде аудан әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаевтың 100 жылдығына арналған «Парасаты мен саясаты сай тұлға» атты танымдық конференция өтті.
Жиынды аудан әкімі Нұржан Ахатов жүргізді. Ұлы тұлғаның жұмыс жүргізу әдістері мен ел басқару ерекшеліктері өз дәуірінің ғана емес, болашақ ұрпақтың да үлгі алар дара жолы екенін баяндады.
Жиынды аудан әкімі Нұржан Ахатов жүргізді. Ұлы тұлғаның жұмыс жүргізу әдістері мен ел басқару ерекшеліктері өз дәуірінің ғана емес, болашақ ұрпақтың да үлгі алар дара жолы екенін баяндады.
«Сыр өңіріндегі ел басқарған азаматтардың қатарында адалдық пен шыншылдық, еңбекқорлық пен ізденімпаздық сынды ерекше қасиеттерімен дараланған Қонысбек Қазантаев Қармақшы, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандарында елінің келешегі мен келер ұрпақ қамы үшін аса жауапты қызметтер атқарған», – деді аудан басшысы.
Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Бақтиярұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қонысбек Төрешұлының перзенті Ғанибек Қазантаев және ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар Ұлы Отан соғыс ардагері, біртуар азамат Қонысбек Қазантаев жайлы жылы естеліктерді бөлісіп, өнегелі өмірі мен кадр даярлаудағы іскерлігі жайында сөз өрбітті.
Қазақта «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген тәмсіл бар. Расында өмірінің 50 жылын еңбекке арнаған Қонысбек Қазантаев қоғам қайраткері ғана емес, 2-ші дүниежүзілік соғысқа қатысқан сарбаз. Сан қырынан сыналған Қонысбек Төрешұлы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Мәскеудегі ХХІІІ сьезіне делегат болып қатысты. Отыз бес жыл бойы аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты болып сайланды. «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 2 рет «Құрмет Грамотасымен» марапатталған. Айта кетейік, Қызылорда қаласында бір көшеге Қазантаев есімі берілген.
Шын мәнінде, Қ.Қазантаевтың еңбек жолынан, елге жасаған ізгілікті істерінен ұрпақ жадында сақталатын парасат пайым мен ғибратты көреміз. Осы тұста аудан ардагері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетов «Өз заманының дүлділі», ал Ы.Жақаев күріш өсіру тарихы музейінің директоры Құттықыз Ыханова «Шоқтығы биік қайраткер» тақырыбында баяндама жасады.
Дана халқымызда «Елім дейтін ер болса, ерім дейтін ел болар» деген сөз бар. Оның парқы дәл осындай шараларда ашыла бермек. Сыр елінің саңлағына айналған, аймағымыздың дара тұлғасы Қонысбек Қазантаевтың 100 жылдығына арналған танымдық конференция өз құндылығымен осылай есте қалды.
Айнұр ИБРАШЕВА,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ