Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Құрметті азаматы» атанды

«Құрметті азаматы» атанды

Бейсенбі күні аудан әкімі Н.Мақұлбековтың төрағалығымен «Құрмет» орденінің иегері Гүлсара Алтынбековаға Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Жиынға мәслихат хатшысы Т.Жағыбпаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил және БАҚ өкілдері қатысты.Киелі Шиелі топырағынан нәр алып, жастық жалынын, қажыр-қайратын, білімін туған еліне, оның жарқын болашағына жұмсай білген аға-апалардың өткен өмір жолы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болмақ. Тоқсан жылдық тарихы бар ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына айрықша үлес қосқан бірқатар тұлғаларға Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында Г.Асылбекқызы да бар. Білімі терең, тұлғасы кесек, өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек көрініп тұратын ол 1954 жылы 24 маусымда Өзбекстанның Сырдария облысы, Баяут ауданында дүние дидарына келген. Мектеп қабырғасынан кейін 1976 жылы Ташкент педагогикалық институтын, 1980 жылы жоғары комсомол мектебін, 1991 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, 1999 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің жанындағы дипломатиялық академияны бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1970-1972 жылдары «Баяут-2» мақта кеңшарында жұмысшы, 1980-1995 жылдары Қызылорда обкомының хатшысы, бірінші хатшы, 1995 жылы ҚР Президенті Әкімшілігі қоғамдық-саяси бөлімінің кеңесшісі, 2000-2001 жылдары ҚР Премьер-Министрі кеңсесінде әлеуметтік сектордың меңгерушісі, 2001 жылдан Үкіметтің ҚР Парламентіндегі Өкілдігінің заң шығару үдерісі мониторингі секторының меңгерушісі, Алматы қалалық әлеуметтік қорғау және бақылау департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Дәл осындай өзінің қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің арқасында парасаттылықтың биігінен көрінген Гүлсара Алтынбекова өзінің ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне бөленіп жүр.
Кездесуге келген ауданның абыз ақсақалдары, аудандық ардагерлер кеңесі мен әйелдер кеңесінің төрайымы және ел жанашырлары апайдың қадір-қасиетін, еңбегін тілге тиек етті. Жиын соңында Г.Алтынбековаға лайықты құрмет көрсетіліп, гүл шоқтарын ұсынды.

Ш.Тілеубай
01 сәуір 2022 ж. 935 0