Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЙДАНГЕР АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ

МАЙДАНГЕР АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ

Кеше Шиелі кентінің «Арай» мөлтек ауданынан Ұлы Отан соғысының ардагері Әбіш Дүйсенбаевқа құрмет көрсетіп, ұлықтау мақсатында көше есімі берілді. Көше беру және ескерткіш тақтаның ашылу шарасына аудан әкімі Нариман Әскербекұлы, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», қаржы саласының ардагері Дайрабай Ысқақұлы, Ә.Дүйсенбаевтың бауыры Төлебай Қозыбайұлы және ардагердің ұрпақтары қатысты.
– Бүгін фашистік Германиямен болған алапат соғыста қолына қару алып, отанын қорғаған, соғыстан кейінгі жылдары ауданымыздың ­дамуына, нығаюына адал еңбегімен үлес қосқан азаматымызды құрмет көрсету шарасын өткізудеміз. Сондай ардақты азаматтарымыздың бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер-жауынгер, ауданымызға елеулі еңбек сіңірген – Ә.Дүйсенбаев. Әбіш Дүйсенбаев ағамыз 1926 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бидайкөл ауылдық советінің №22 бекетінде шаруа отбасында дүниеге келген. 1943 жылы 17 жасында кеңес әскері қатарына алынып, майдан даласында Украина-Бердичев, Кривоград, Корсунь-Шевченко, Ровно-Луцк, Карпат тауларының етегімен жүріп, Румыния жерін фашистерден азат еткен. 1945 жылдың наурыз айында Чехословакияны жаудан азат етудегі шайқаста оң жақ аяғынан ауыр жарақат алып, дәрігерлердің майданға жарамсыздығы жөніндегі шешімімен елге қайтарылады. Майдан даласындағы сұрапыл шайқастарда от пен оқтың арасында өзінің ержүректілігін көрсете білген Әбіш Дүйсенбаев ағамыз II-дәрежелі даңқ орденінің ковалері, «Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісіне» арналған бірнеше мерекелік медаль және басқа да орденімен және көптеген медальдармен марапатталған, – деді Н.Мақұлбеков өз сөзінде.
Сондай-ақ, қажырлы еңбек еткен тұлға есімін дәріптеу келешек ұрпаққа үлгі екенін айтты.
Айтулы шарада Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», қаржы саласының еңбек сіңірген ардагері Д.Ысқақұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Әзімханұлы, Ә.Есдәулетұлының бауыры Т.Қозыбайұлы көшеге есімі беріліп жатқан еңбек ардагерінің биік адамгершілігі, өз ісіне берілгендігі, биік жауапкершілігі, деген мейірбандылығы, қарапайымдылығы, жайсаң мінезі туралы жарқын естеліктерін айтып, бұл ізгі шараның ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін жеткізді.
Шара соңына қарай, Ә.Дүйсенбаевтың ұлы Серік Әбішұлы салтанатты шараға қатысқан аудан әкімдігінің қызметкерлері мен ­зиялы азаматтарға үлкен алғысын білдірді.
Еңбек және соғыс ардагері Ә.Дүйсенбаевтың өнегеге толы өмірі мен қажыр-қайратының, Сыр елінің, оның ішінде Шиелі ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесінің құрметіне жаңадан ашылған «Арай» мөлтек ауданынан бір көшенің аты берілуі, өскелең ұрпақ пен болашақтың еншісіне қалдырылған мәңгілік мұра болып қалары анық.

Нұрай АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
09 қараша 2021 ж. 1 017 0