Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Есімі ел есінде

Есімі ел есінде

Шиелі кентінде Ұлы Отан соғысының ардагері Әлайдар Қаюповтың атына көше берілді. Көшенің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, БАҚ өкілдері мен ардагердің ұрпағы, шаңырағын өрістетіп отырған әулеті қатысты.
Әлайдар Қаюпов 1918 жылы 10 наурызда Тартоғай ауылының Ботабай жерінде дүниеге келген. Ашаршылық жылдары Өзбекстан жеріне көшіп, кейін қайта елге оралады. Елге келген соң 1939 жылы әскерге шақырылып, «Қызыл әскер» қатарында болып борышын өтейді. Фин және фашистік герман соғысына қатысып, Смолинск түбінде жарақаттанып, елге қайтады. Елге оралған соң 1946 жылдан зейнетке дейін Межколхозстрой мекемесінде ағаш кесуші болып жұмыс жасайды. 1985 жылы «I дәрежелі Отан соғысының ордені», сондай-ақ «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне таққан Ә.Қаюпов 3 қыз, 3 ұл өсіріп, тамырын тереңге жайып, жасы сексенге қараған шағында қайтыс болды.
– Толарсақтан қан кешіп, қару алып соғысқа қатысты. Түрлі қиындыққа мойымады. Ашаршылық, соғыс, қуғын-сүргін оның сағын сындырмады. Ұлы Отан жеңісінде Қазақстаннан шыққан қаһарман жауынгерлер мына жарық өмір үшін, бейбітшілік үшін жеңіс жолында жан беріп, аянбай алға ұмтылған зор үлестері бар. Біз Жеңіс күнін жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Олардың ерлігі әрбірімізге үлгі,– деді А.Есмаханов.
Рәсім соңында облыс әкімінің орынбасары С.Ахметтің арнайы құттықтауы табысталып, Әлайдар Қаюпов атындағы көше салтанатты түрде ашылды.

Ақбота Баянбай
13 шілде 2021 ж. 758 0